Билік Нұрбол Назарбаевтан Үшқоңырды тартып алуға білек сыбана кіріскен

Көркем Алдабергенова 06 нау. 2024 15:30 5234

Қазақстанның қазіргі билігі «Ескі Қазақстанның» активтері мен заңсыз шығарылған қаржы ресурстарын елге қайтаруға бағытталған жұмысты жалғастырып жатыр. Оның ішінде, 2023 жылы экс президент Нұрсұлтан Назарбаевтың марқұм інісі Болат Назарбаевтың бірқатар мүлкі мемлекет меншігіне қайтарылған, - деп хабарлайды Dalanews.kz «Нурсултанский соловей» телеграм арнасына сілтеп.

Мысалы Алматы облысының Жер ресурстарын басқару департаменті сотқа Болат Назарбаевтың ұлы – Нұрбол Назарбаевқа тиесілі Алматы қаласының іргесіндегі биік таулы жайлау - Үшқоңырдағы 9 мың гектар жерді қайтарып алу туралы арызданған. Іле-Алатау ұлттық паркімен шекаралас тұрған Үшқоңыр Назарбаевтар әулеті туған Шамалғанға жақын орналасқан.

Үшқоңыр Назарбаевтар әулетіне 90-жылдары өтіп кеткені туралы көптен белгілі. Алайда Назарбаев биліктен кеткеннен кейін «Жаңа Қазақстан» билігі Назарбаев билік еткен жылдары оның туыстары сатып алған жер телімдерін, кәсіпорындар мен жылжымайтын мүлікті қоса алғанда, заңсыз алынған барлық мүлікті қайтару бойынша жұмыстарды бастап кеткен.

Қазіргі уақытта Үшқоңыр үстірті ресми түрде Нұрбол Назарбаевқа тиесілі.

Бұған дейін мемлекет Үшқоңыр үшін Болат Назарбаевтың ұлымен соттасып жатыр деген дерек шыққан болатын. Осы мәселеге премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин де жауап берген еді. Ол Үшқоңырда 15 мың гектар жерді қарулы күзет қоршап алғаны туралы депутаттардың үндеуіне пікір білдірді.

Дау Мәжіліс депутаты, журналист Мақсат Толықбай Алматы облысы Шамалған ауылындағы  Үшқоңыр тауы қоршалып тұрған жерге кіре алмағанынан басталды. Әлеуметтік желілерде аумақ қоршалған видео да тарап кетті.  Толықбайдың сөзінше, мемлекеттің 15 мың гектар жерін қару асынған күзетшілер қоршап алған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар