Биыл Түркістан облысында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 9 ауданда жүргізіледі

Жарбол Кентұлы 20 нау. 2025 12:28 348

Түркістан облысында зиянкестермен күрес бойынша 4 жедел штаб құрылып, жұмыс күші жасақталған. Бұл жұмыстар тікелей облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауына алынған, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Осы орайда, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Арыс қаласы, Қожатоғай ауылындағы жедел штаб құрамымен кездесіп, дайындықты пысықтады.

Жұмысты үйлестіру бойынша семинар ұйымдастырылып, оған аудан, қала әкімдері мен салаға жауапты орынбасарлары, басқарма басшылары, ауыл әкімдері қатысты.

Семинар барысында шегіртке дернәсілдерін анықтаудан бастап химиялық өңдеуден соң тазалауға дейінгі жұмыс үлестіріліп, міндеттемелер бекітілді. Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғаларға жұмыстарды аса жауапкершілікпен уақытылы атқаруды тапсырды.

Биыл шегірткеге қарсы химиялық өңдеу облыстағы 9 ауданда жүргізілмек. Мамандар шегіртке дернәсілдерінің сәуір айының алғашқы 10 күнінде шығады деп болжам жасады. Жалпы, 1 млн гектарға жуық жайылым жер алқаптарының 15 мың гектардан бөлінген картасы әзірленіп, 65 аумақта жұмысшы топ жасақталды.

Сонымен қатар аудан, қала әкімдіктері тарапынан 980 анықтаушы тізімі бекітілді. Анықтаушыларды «Болжам әдістемелік орталығы» арнайы дайындықтан өткізді. Одан бөлек, 65 жұмысшы топқа жатын орындар дайындалып, химиялық өңдеу ерітіндісін әзірлеуге қажетті 206 су көзі белгіленді. Анықтаушыларды тасымалдауға 86 микроавтобус, су жеткізуге 45 арнайы автокөлік, жанар-жағармай жеткізуге 30 арнайы автокөлік әзірленді. Өңірдегі 2 990 жайылым жер иелеріне хабарлама берілді. Олар да анықтау шараларына қатыспақ.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар