Сарапшы Андрей Чеботарев 2025 жылы Қазақстанның саяси өміріндегі топ-10 оқиғаға шолу жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бірінші: 27 қаңтарда 2022 жылғы Қаңтар оқиғалары кезінде билікті күшпен басып алуға әрекет жасау ісі бойынша сот процесі аяқталды. Нәтижесінде ҚР ҰҚК Бесінші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов 15,5 жылға, ал ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Арман Жұмагелдиев 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Екінші: 13–14 наурызда Ақмола облысындағы Бурабай кентінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы өтті.
Парламент сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай төртінші Ұлттық құрылтай туралы пікір білдіріп, түйінді шешімдер туралы айтты.
Үшінші: 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалды.
Кейін сот Ернар Жиенбайды кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырған. Берденов 29 тамызда әкім орынбасары қызметінен кеткен болатын.
Төртінші: 30 маусымда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Антикор қызмет) Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосу арқылы қайта ұйымдастырылды.
Президент "Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" жарлыққа қол қойды.
Бесінші: 30 маусымда «Құқықбұзушылықтардың профилактикасы туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киім түрлерін, соның ішінде никаб пен пәренжені киюге тыйым салынды.
Dalanews.kz тілшісіне сұхбат берген әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов бұл шешімнің қажеттілігіне тоқталып, оның тек құқықтық емес, сонымен қатар әлеуметтік және мәдени негіздері бар екенін атап өтті.
Алтыншы: 8 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, 2027 жылы парламенттік реформа жүргізілетінін мәлімдеді.
Жетінші: 5 қарашада Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары» атты құжат бекітілді.
Сегізінші: Қазан және желтоқсан айларында Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобы құрылып, екі отырысы өтті.
Тоғызыншы: Қыркүйек–желтоқсан айларында Orda.kz интернет-басылымы мен оның бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты даулы жағдай туындады («ORDAгейт»).
Оныншы: 18 желтоқсанда Парламент Сенаты «Архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады. Аталған құжат ЛГБТ насихатына тыйым салуды көздейді (заң Президенттің қол қоюына жолданды).
