Бүтін бір отбасының із-түссіз жоғалуы: полиция "атыраулық хакерге" қатысты пікір білдірді

Сағыныш Сардарова 05 қаң. 2026 22:23

Әлеуметтік желілерде Атырау облысында жоғалған отбасыға қатысты түрлі мәлімет тарап, қоғам назарын аударып отыр. Әсіресе, желі қолданушылары Hacker Atyrau парақшасында жарияланған ақпаратты қызу талқылап жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Парақша авторы ашық база арқылы жоғалғандардың SIM-карталарын бақылағанын, банк картасымен жасалған төлемдерді анықтағанын айтты. Ол осы отбасы жоғалғаннан кейін бірінің SIM-картасы мезгіл-мезгіл қолданылып отырғанын да мәлімдеді. Сондай-ақ, отбасы мүшелерінің бірінің банк картасынан қараша және желтоқсанда зейнетақы төлемдері алынғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Ақпаратты таратқан адамның өзі мемлекеттік жүйелерді бұзбағанын, тек "ашық деректерді, SIM-карталарды және байланыс операторларынан алынған мәліметтерді" пайдаланғанын айтты.

Бүгін БАҚ өкілдеріне берген жауабында полиция "атыраулық хакерге" қатысты да пікір білдірді.

"Ол (Hacker Atyrau парақшасының иесі - еск.) біздің мемлекетте емес, басқа шетелде жүр. Ол халыққа қол ұшын беріп, көмектескісі келіп, әрекеттер жасап жатыр. Бізде жедел жұмыстар бар, кейбір әрекеттері бізге қарама-қайшы келеді. Жұмысымызды әрі қарай жүргізу үшін оңды-солды мәлімет бермеген дұрыс", - деді Атырау облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құттыбай Садықов.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында бір отбасы іздестіріліп жатқаны хабарланды. Полицияға арыз 25 желтоқсанда түскен. 

Бұған дейін Атырау облысы ПД өкілдері жоғалған адамдардың ұялы телефондарынан сигналдар Қазақстан аумағында бірнеше рет тіркеліп, қосылып-сөндірілгені анықталғанын мәлімдеді.

"Соңғы тіркелген дерек Шымкент қаласында болған. Іздестіру жұмыстарын үйлестіру мақсатында арнайы жедел тергеу тобы құрылып, оған Ішкі істер министрлігінің мамандары да жұмылдырылды. Сонымен қатар, қазір осы отбасының кіші қызы мен күйеу баласы шет мемлекетте жүргені анықталды. Алайда туыстары олардың жоғалуына байланысты арыз түсірмеген. Соған қарамастан құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын бастады", - деді полиция.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар