Атырау облысында ізім-ғайым жоғалған отбасына қатысты тың дерек шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Атырау облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құттыбай Садыковтың айтуынша, қазір аталған іс бойынша түрлі расталмаған ақпараттар тарап жатыр.
"25 желтоқсанда төрт адамның жоғалғаны туралы ақпарат түскен сәттен бастап еліміздің аумағында кешенді іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес екі немесе одан да көп адамның жоғалуы адам өлтіру бабы бойынша сараланады. Осыған байланысты қазір жоғалған отбасының орналасқан жерін анықтау және оларды табу мақсатында барлық қажет жедел-іздестіру және тергеу іс-шаралары жүзеге асырылып жатыр. Тергеу аясында барлық медициналық мекеме, оның ішінде жекеменшік клиникалар да тексеріліп жатыр", - деді полиция.
Сонымен қатар, жоғалған адамдардың ұялы телефондарынан сигналдар Қазақстан аумағында бірнеше рет тіркеліп, қосылып-сөндірілгені анықталған.
"Соңғы тіркелген дерек Шымкент қаласында болған. Іздестіру жұмыстарын үйлестіру мақсатында арнайы жедел тергеу тобы құрылып, оған Ішкі істер министрлігінің мамандары да жұмылдырылды. Сонымен қатар, қазір осы отбасының кіші қызы мен күйеу баласының шет мемлекетте жүргені анықталды. Алайда туыстары олардың жоғалуына байланысты арыз түсірмеген. Соған қарамастан құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын бастады", - деді полиция.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында бір отбасы іздестіріліп жатқаны хабарланды.
