Бұл қалай? Зейнетақы жүйесіне тағы қандай өзгеріс енді?

Dalanews 30 қар. 2017 06:54 931

Жаңа жылдан бастап, зейнетке шыққандар зейнетақы жинағындағы ақшасын бұрынғыдай бірден шешіп ала алмайды. Енді оны әр айға бөліп беретіндей қып қойды.

Неге өйтті? Бұл арада осындай заңды сауал туады. Бір анығы, осыдан соң, ел арасында: „Банктерде ақша бітіп қалыпты„ деген алып-қашпа сөз тарай бастаған. Біз, өз кезегімізде, мұның анық-қанығын біліп көрдік.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бұл ретте өзіндік ойы бар. Қор төрайымы Нүрбибі Наурызбаева, бұл ретте, бар жинақты бере салу тиімсіз, оны бірден жаратып қойған зейнеткер, артынан қиналып қалады ғой деп, жаны ашып, бірер күн бұрын Астанада арнайы брифингте мәлімдеп еді.

Ресми өкілдің ресми пікіріне сөзбе-сөз тоқтала кетелік.

 

Ел қиналып қалмасын деп…

 

— 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап, зейнетақы төлемі тек ай сайын төленетін болады. Мысалы, қазір зейнетақы төлемі оны алушының таңдауы бойынша алдын ала белгіленген графикпен: ай сайын, тоқсан сайын немесе жылына алатын болса, енді бұлай болмайды. Өйткені,  көп ақша қолға тиген адам, оны бірден жаратып тастайды, артынан, өзі қиналып жүреді.

Сондықтан осы жүйені өзгерту туралы шешім қабылданды. Әрине, жинағын бірден шешіп алуға мүмкіндік беріледі. Тек ол адамның зейнетақы жинағы ең төменгі 12 зейнетақы көлемінен аспаса. Шамамен бұл 337 мың теңге ғой. Бұл заң, негізінен 2015 жылы қабылданып қойған, бірақ оның қолданысқа енгізілуі 3 жылға шегерілген еді. Біз бұл ретте, сараптамалық жұмыс жүргізіп, халықаралық тәжірибені әбден зерделедік.

Басты мақсат — зейнетақы жиынтығының тиімділігін және адамның басты қажеттілігін қамсыздандыруды арттыру. Бұл арада қызмет көрсету сапасын арттыруға, жинақты жоспарлау мәдениетін дамытуға басымдық беріліп отыр.

Өзгеріс 2021 жылға дейінгі қор жоспарлаған стратегиясының жаңартылған бір бөлігі болып табылады, — дейді Нүрбибі Наурызбаева.

Осылай да мәймөңкелеуге болады екен ғой…

Қазақстандағы зейнетақы қорлары қауымдастығының төрағасы Айдар Әлібаев бұл өзгеріске қатысты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры берген түсініктің, тіптен, ақылға қонымсыз екенін айтады.

 

— Қайдағы мәдениетті айтып отыр? Азаматтардың жинаған ақшасын жоспарлау мәдениетін дамытамыз дей ме? Онда не шатақтары бар?..

Басты мақсатымыз — қызмет сапасын арттыру депті. Қайдағы сапа?.. Зейнетақы қорында қаншама былық болып жатыр. Оны бірі жария, бірі ашық айтылмайды. Біз есеп сұраймыз, цифрлардың ашықтығын талап етеміз. Жоқ қой… Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры оны бермейді. Сол ма сапасы?.. Сондай мәселелермен неге айналыспайды, елдің ақшасында несі бар енді?..

Әрине, мұның барлығы, жауапкершіліктен сытылу үшін айтылған әдемі сыдыртпа сөздер ғана. Әйтпесе, олар елдің емес, өздерінің бас қамынан басқа ештеңені ойлап отырған жоқ.

Бұл арада мен екі нәрсені байқап отырмын. Біріншіден, айналымдағы ақшаны қимай отыр. Бәрін бірден бере салса, шаш пайдадан айырылады ғой. Одан да осылай, көп бөлігін ұстап қалып, көп уақыт бойына оны айналдырып, өздеріне ақша жасамай ма?.. Бұл жеке мүдде емей немене?..

Екіншіден, ақша жағынан проблема болуы мүмкін. Мұны кесіп айта алмаймын, бірақ ақша тапшылығы мәселесі де болуы мүмкін. Өйткені, бір реттен соншама сомма шешіледі ғой шоттан. Сол ақша тапшылығы барын білдірмес үшін де осылай — аздап беретіндей етуі мүмкін, — дейді Айдар Әлібаев.

Сондықтан қаржыгер-маман бұл өзгеріске қатысты ресми орган тарапынан әлі нақты әрі негізді түсініктемені күтетінін айтады.

Анықтама:

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметі бойынша, 2017 жылдың 1-қарашасында қазақстандықтардың жалпы зейнетақы жинағы 7,58 трлн теңгені құраған, өткен жылмен салыстырғанда, бұл көлемі 897 млрд теңгеге, яғни, 13,4 процентке өскен.

Зейнетақы салымшыларының жекелей шот ашқандары — 10,1 млн. Жыл басынан бері 345,5 мың шот жаңадан ашылып, қорға 54,8 млн теңге құйылған. Барлық келісімшарт түрі бойынша, салымның сомасы 616,5 млрд теңгені құрайды, 586,8 млрд теңгесі міндетті зейнетақы жарнасы.

Қорға түсетін зейнетақы салымының орташа айлық көлемі 61,65 млрд теңге болады, ал орташа айлық жарна көлемі — 5,5 млн жарна. Бұл, шамамен, күніне 274 мың жарна түседі деген сөз.

2017 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы активтерінің табыстылығы 6,62 процент болып, инфляция деңгейінен аз-маз асты. Инфляция деңгейі — 5,4 процент. Биылғы зейнетақы төлемі 176,9 млрд теңге болды, ал сақтандыру ұйымы арқылы 20,9 млрд теңге берілген.

 

Қазақстан өңірлерінің бизнеске қатысты рейтингі енгізілмек

Ұлттық экономика министрлігінің Қоғамдық кеңесі өңірлердің жаңа рейтингін енгізуді талқылады. Облыстар бизнес жүргізуге жасаған жағдайлары бойынша бағаланады. Ол үшін рейтингке бизнес-климаттың қолайлығы, қаржыға қолжетімділік, адами капитал, кәсіпкерлік үшін жасалған инфрақұрылым секілді көрсеткіштер енгізілмек. Бүгінде сауалнамаға 10 мыңнан аса адам қатысты. Оның ішінде 8 мыңнан астамы – бизнесмендер. Сұрақ-жауаптың қорытындылары Индустрияландыру күні белгілі болады деп жоспарланып отыр. Кәсіпкерлікті дамытуға сүбелі үлес қосқан қалалар мен аймақтар «Хан Тәңірі» сыйлығына ұсынылмақ. Серік Жұманғарин, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:  – Сауалнамаға сегіз мыңнан астам кәсіпкер қатысты. Олардан  бизнес жүргізуге қандай факторлар ықпал ететінін сұрадық. Сауалнама мен статистикалық көрсеткіштер біздің бизнес әдісте қандай өңірлердің орын алғанына әсер етеді

 

Дайындаған  Кәмшат СӘТИЕВА 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар