“Бұл бизнес болмағанда не?” Мұқаев мешіттердегі ысырапшылдықты сынға алды

Қаракөз Амантай 26 ақп. 2025 14:29 360

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев “Ашық алаң” бағдарламасында және өзінің Instagram парақшасында мешіттердегі ас беру рәсімдерінің қымбатшылығын сынап, бұл мәселені шешу қажеттігін көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Астанадағы Бас мешіт пен Хазірет Сұлтан мешітіндегі асханада ас беруді жоспарласаңыз, адам басына 20 000 теңгеге дейін төлеуге дайын болыңыз. Бұл – той дастарқанына бергісіз ас мәзірі! Ең төменгі баға 7 000 теңгеден басталады, бірақ ол кезде етті өзіңіз әкелуіңіз керек. Бұл бизнес болмағанда не? Мәселен, Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстарында дастарқанға тек 7 түрлі ас қойылады, басқа тағам ұсынылмайды. Неге елордада және басқа аймақтарда осы жүйе енгізілмейді?” – деді ол.

Депутат халық арасында орын алып отырған ысырапшылдық мәселесіне тоқталып, оны реттеуді алдымен мешіттерден бастау қажет екенін атап өтті.

“Ерте ме, кеш пе, әр адам өлімнің дәмін татады. Бұл – ешкім айналып өте алмайтын жағдай. Жер алу, жаназа шығару, ас беру, зират тұрғызу – мұның бәрі белгілі бір қаржылай шығындарды талап етеді. Бірақ бұл рәсімдер әсіресе қарапайым халыққа ауыртпалық түсірмеуі тиіс. Егер Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы бұл мәселені жүйелі түрде шешпесе, қайғыдан қан жұтып отырған жандар үшін бұл қосымша соққы болмақ,” – деп жазды депутат.

Оның айтуынша, қоғамдағы ысырапшылдықты жою үшін ең алдымен мешіттерден бастау қажет.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар