Бұдан былай Президент тапсырмасын орындамаған қазақстандық шенеуніктер жазаланады

Қаракөз Амантай 26 қар. 2024 12:43 231

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппарат жұмысын жетілдіру шаралары туралы жарлықтарына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұдан былай Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Президент Әкімшілігі басшылығының тапсырмаларын орындамаған саяси мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданылады.

2000 жылғы Президент жарлығына сәйкес, тәртіптік жаза келесі жағдайларда қарастырылған:

  • қызметшілердің өздеріне жүктелген міндеттерін заңсыз немесе дұрыс орындамауы;
  • лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы;
  • мемлекеттік және еңбек тәртібін бұзуы;
  • мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этика ережелерін бұзуы;
  • тәртіптік жаза түрінде жазаланатын сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасауы;
  • мемлекеттік қызмет туралы заңда көрсетілген шектеулерді немесе мемлекеттік қызметшілердің міндеттерін орындамауы.

Бұдан бөлек, құжатқа сәйкес, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдардың кадрлық процестерін “Бірыңғай кадрлық жүйе” ақпараттық жүйесі негізінде автоматтандыруды 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін қамтамасыз ету тапсырылды.

Тағы бір толықтыруда мемлекеттік органдардың штат санын көбейту тек бос орындарды Үкімет айқындаған тәртіпке сәйкес қайта бөлу арқылы жүзеге асырылатыны айтылған. Дегенмен, келесі жағдайлар бұған кірмейді:

  • Қазақстан Республикасы Президенті енгізген төтенше жағдайларға байланысты әрекет ету қажеттілігі;
  • орталық мемлекеттік органдар немесе олардың ведомстволарын құру;
  • Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы” заңына сәйкес әкімшілік-аумақтық құрылымды өзгерту;
  • Президент тапсырмасы бойынша өзге жағдайлар.

Сонымен қатар Президент Әкімшілігі, Үкімет аппараты, Парламент палаталарының аппараттары, Сот әкімшілігі, құқық қорғау органдары, арнайы мемлекеттік органдар, азаматтық қорғау органдары, Қорғаныс министрлігі, сондай-ақ штат саны 100 бірліктен аз мемлекеттік органдардың бос штаттық бірліктері өзара қайта бөлінбейді.

eGov порталының мәліметінше, тәртіптік жазаның келесі түрлері бар:

  • ескерту;
  • сөгіс;
  • қатаң сөгіс;
  • қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
  • лауазымын төмендету;
  • атқарып отырған лауазымынан босату.

Тәртіптік жаза қолданудың негізі – әкімшілік мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылық жасауы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар