БРИКС бізге не береді? Сарапшылар пікірі.

Жарбол Кентұлы 17 қаз. 2024 19:54 3219

Отандық сарапшылардың пікірінше, БРИКС - Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктермен қатар, бірқатар тәуекелдерді туындатуы мүмкін.

Алдымен жаңа мүмкіндіктерге келсек, олар: экономикалық әріптестікті кеңейту, сауда көлемін ұлғайту және инвестицияларды тарту, инфрақұрылымдық жобаларға қатысу арқылы дамуды жеделдету, геосаяси аренада жаңа одақтастар табу және тағы басқа сынды жағымды тұстары баршылық.

Дегенмен тәуекелге бел буатын түйткілдер де жеткілікті. Қаржылық және саяси тәуелділіктің күшеюі, кейбір БРИКС елдерінің ішкі қақтығыстарына байланысты тұрақсыздыққа ұшырауы және көпвекторлы сыртқы саясаттың күрделенуі сынды қауіп-қатерлер де жоқ емес.
Сондықтан саясаттанушылар Қазақстанға бұл процесті ұлттық мүдделер тұрғысынан мұқият бағалау маңызды деп санайды.
Саясаттанушы Айдар Әмребаев,

Қазақстанның БРИКС ұйымына қатысты ұстанымдарына қатысты өз пікірін білдірді.
- Қазақстан көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанады. Қазір Қазақстан үшін ең маңыздысы - ұлттық мүддені қорғау.
Бүгінгі таңда халықаралық деңгейдегі әртүрлі ұйымдар біздің елге ұсыныс тастап жатқаны белгілі. Біз қазір түрлі аймақтық ұйымдарға мүше болып отырмыз. Халықаралық ахуалға байланысты оның ішінде болып жатқан турбуленттік жағдайлар бойынша БРИКС-тың алар орны ерекше.


Меніңше, БРИКС-ты көбінесе Батыс аймағына қарсы ұйымдасқан бірлестік деп айтуға болатын шығар. Мүшелері қай елдері екені белгілі. Ұйымның қазіргі мақсат-мүдделері, яғни жаһандық оңтүстік елдерін топтастыруға деген талпынысы АҚШ бастаған жаһандық батысқа қарсы әрекет ретінде көрінеді.
Сондықтан менің ойым Президентіміз Қ.К. Тоқаев халықаралық деңгейдегі белгілі дипломат болғандықтан ол әрбір қимылдарын ұқыпты жасайды, өзіміздің ұлттық мүддеге жарайтын бағытта ғана шешім қабылдайды, - деді саясаттанушы.

Президент Тоқаевтың БРИКС ұйымына кіруден бас тартуы жөніндегі шешімі туралы айта келе, Айдар Әмребаев Мемлекет басшысының топ-топқа бөлініп, әлем елдерінің бөлінісіне әкеп соқтыратын жағдайлардан іргесін аулақ ұстайтыны жайлы айтты. Сондай-ақ, сарапшы БРИКС-тың болашаған бірден дөп болжап айту қиын екендігіне тоқталды.


- Жаңадан бірлесіп атқарып жатқан, бастамалары мен іс-қимылдарына қарап біраз нәрсені болжауға болады. Қазір Еуразиялық экономикалық одақ бар, десек те оның қазіргі жағдайы біздің көңілімізден шығып жатқан жоқ, әсіресе Украиндағы соғысқа байланысты ахуал аса жақсы емес.


Мысалы Шығыста Қытаймен өте тығыз байланыстамыз. Нақты айтсақ, «Бір жол – бір белдеу» бағдарламасына қосылып содан нәтижелер шығаруға үміттеніп жатырмыз. Меніңше халықаралық қандай да бір ұйым болмасын, біз ең бірінші өз ұлттық мүддемізді, өз мәселелерімізді шешуге бағыттау керек деп ойлаймын, - дейді сарапшы.

Саясаттанушы Айдар Әмребаев Орта Азиялық интеграцияға көбірек көңіл бөлгенімізді құп көреді.
- Орта Азиядағы үлкен мемлекеттер Өзбекстан бар, солармен бірлесіп үлкен нарық жасасақ. Одан кейін жаһандық деңгейге бірлесіп шықсақ деген жоспарды жөн көрем. Қазіргі осы жағдаймен БРИКС-қа немесе ауқымды ұйымдарға кіретін болсақ біз өз ұлттық мүддемізді сақтай аламыз ба жоқ па, сондықтан байқап қарағанымыз жөн деп ойлаймын. Эскперттік-аналитикалық жағынан қарастырып Қазақстанға керекті жағдайлар болса қарастыруға болады, - деп қорытындылады Айдар Әмребаев.

Философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Серік Нұрмұратов осы тақырып бойынша өз пікірін білдірді.

- Қазақстанға БРИКС ұйымына қосылуға келіп түскен ұсыныстар біздің еліміздің халықаралық деңгейдегі мәртебеміз бен мүмкіндіктерімізді көрсетеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сұраққа өзінің нақты жауабын береді деп ойлаймыз.
Дегенмен Бразилия, Ресей, Қытай, Үндістан сынды әлемнің алпауыт елдерінің бұл ұйымға мүше болуы, яғни жер бетінің жартысына жуығы осы БРИКС ұйымына өзінің симпатиясын білдіріп тұрғанын көрсетеді.
Яғни, бұл ұйым өзінің нәтижелі істерін атқарып жатқандығын көрсетеді. Сондықтан қазір бірден кіре қою оңай емес шығар. Бірақ біздің экономикамызға пайдасы тиетін болса, бірте-бірте сатылап оған да кіруге болады, - дейді сарапшы.

Саясаттанушының пайымдауынша, бүгінгі прагматизм заманында кез келген ұйымға мүше болмас бұрын ең алдымен пайдасы мен зиянын сауатты түрде зерделеп алған жөн.

- Экономистер, саясаттанушылар, мамандар зерттеп, зерделеп, өз ұсыныстарын айтқан дұрыс деп ойлаймын. Сонда ғана бұл әрекеттің нәтижесі болады. Онсыз көптеген ұйымға мүше болып кетуге болады.
Бірақ оның нәтижесі теріс болып жатса, одан еліміз ұтылады, экономикамыз алға жылжымайды, кері кетуі мүмкін. Сондықтан оны зерттеп, сараптап, білікті мамандарының ісіне сүйеніп отырып істейтін әрекет деп есептеймін, - деді сарапшы.

Сарапшы сонымен қатар БРИКС-ке кірсек, жаңа мүмкіндіктер ашылады деп санайды. Себебі оған кірген елдердің көбі дамыған және дамып келе жатқан мемлекеттердің қатарына жатады.
- Әрине, жаңа ұйымға мүше болған соң тәуекелдер туындайды. Себебі қанша бір ұйымда бірге жүргенімен, арасында бәсекелестік бәрібір болады. Әркім көрпесін өзіне қарай тартады. Сондықтан оған да дайын болу керек.
Әр мемлекет алдымен өзінің экономикалық прогматизмін ойлап отырады. Сондықтан осыны да ескеру керек деп ойлаймын. Қазақстанның саяси-экономикалық стратегиясы ынтымақтастықта жұмыс істеуге тиісті.
Себебі ешкімнен алыс кете алмаймыз. Жаһандану дәуірінде бәрі бір-бірімен астасып, өзара әрекеттесіп дамиды. Онсыз болмайды. Оңашаланып алып, биікке көтерілу қазіргі заманда мүмкін емес. Қазір ақпараттың дамыған заманы, елдің мүмкіндіктерінің бәрі үлкен интеграцияға түсуде. Демек, ықтымақтастықта оның пайдасы да, зияны да болады. Мемлекетке әкелер пайдасы көбірек болса, оның құрамына ену керек. Кемшілігі болса, онымен күресудің жолдарын анықтау керек. Сондықтан бұл жерде арнайы мамандардың үлкен сараптамасы керек, - деп қорытындылады саясаттанушы.

Еске салсақ, жақында ғана Қазақстан Президентінің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәлидің мәлімдеуінше, Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің БРИКС-ке қосылуы туралы ұсыныстар келіп түскен. Мемлекет басшысы бұл ұсыныстарды ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият қарастыруда, бірақ қазіргі және жақын болашақта Қазақстан БРИКС-ке мүше болу туралы өтініш бермейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, Мемлекет басшысы БРИКС саммитіне қатысып, «аутрич» сөз сөйлейді. Бұл маңызды шара 22-24 қазан күндері Қазан қаласында өтеді және оған 32 елден жиналған делегациялар, оның ішінде 25 ке жуық елдің басшылары қатысады.
Берік Уәлидің айтуынша, Қазақстан БРИКС-ке деген ұстанымын сақтап отыр, бірақ осы кезеңде ұйымға мүшелікке өтініш беру жоспары жоқ. Ұйымның көп сатылы процесі мен дамуы уақытты қажет етеді, сондықтан бұл мәселе кейінге қалды.

Айта кетелік, Қазақстан БРИКС-тың әділ және демократиялық әлемдік тәртіп орнату жөніндегі бастамаларын қолдайды.
БРИКС 2006 жылы Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай елдерінің бірлесуімен құрылды, кейін оған Оңтүстік Африка қосылды. Қазіргі уақытта БРИКС-ке Мысыр, Иран, БАӘ, Сауд Арабиясы және Эфиопия да мүше болып отыр, ал Малайзия мен Әзербайжан мүшелікке өтініш берген. Ұйымның басты мақсаты – алпауыт державалардың үстемдігінен азат, әділетті әлемдік тәртіп орнату. Қазақстан бұл бағыттағы өзгерістерді бақылап, ұлттық мүдделер тұрғысынан бағалайды деп ел билігі мәлімдеп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар