БҚО-да көктемгі егіс жұмыстары толық орындалды

Ақтоты Жапатова 08 шіл. 2025 10:23

Батыс Қазақстан облысында биылғы көктемгі егіс жұмыстары аяқталып, өсімдік шаруашылығында оң өзгерістер байқалуда. Ауыл шаруашылығы құрылымдары барлық жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізіп, өнім өндіруге тыңғылықты дайындалды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

2025 жылы облыс бойынша 462 мың гектар алқапта ылғал жабу жұмыстары жүргізілді. Бұл көрсеткіш толықтай орындалды. Сонымен қатар, 167 мың гектар жерге культивация жасалды.

Бүгінгі күнге облыс аумағында 390,7 мың гектар жерге жаздық егіс жұмыстары жүргізіліп, жоспар 106 пайызға орындалды. Оның ішінде:

  • 205,3 мың гектарға дәнді дақылдар,
  • 121,1 мың гектарға майлы дақылдар,
  • 60 мың гектарға мал азықтық дақылдар егілді.

Сонымен қатар, 4,2 мың гектар жерге картоп пен көкөніс-бақша өнімдері отырғызылды.

Жалпы егістік көлемі – 633 мың гектар. Оның ішінде:

  • Дәнді дақылдар – 296,8 мың га,
  • Майлы дақылдар – 121 мың га,
  • Мал азығы – 211 мың га,
  • Картоп, көкөніс, бақша – 4,2 мың га.

2025 жылғы көктемгі егіске 29,4 мың тонна тұқым қажет болса, оның бәрі толықтай қамтамасыз етілді. Бюджет есебінен 38 млн теңге бөлініп, тұқым сапасын тексеру үшін 10 789 зерттеу жұмысы жоспарланды. Облыста екі арнайы зертхана жұмыс істейді: бірі – Орал қаласында («Казагрэкс» АҚ), екіншісі – Деркөл кентінде («Орал-Жер» ЖШС).

Көктемгі егіс науқанына қажетті техникалар толықтай жөндеуден өтіп, 100% дайын күйде іске қосылды. Сонымен қатар, облысқа 8,4 мың тонна дизель отыны бөлініп, оның басым бөлігі (6 мың тоннасы) шаруаларға жеткізілді. Қалған 1,9 мың тоннасы күзгі егіс пен мал азығын жинау жұмыстарына қайта бағытталды.

Облыста 406 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелсе, оның 291-і нақты жұмыс істеп тұр. Негізгі бағыты – мал шаруашылығы. 2023 жылы 49 кооперативке 995 млн теңге несие беріліп, 2024 жылы тағы 16 кооператив 396 млн теңгемен қаржыландырылды.

Кооператив мүшелері (5000-нан астам адам) иелігінде 100 мыңнан астам мал бар. Өткен жылы олар 9 мың тонна сүт, 275 тонна ет, 4,7 мың тонна картоп, 575 тонна көкөніс, 541 тонна бидай және басқа да өнімдер өндірді.

2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6,4 млрд теңге бөлініп, 992 шағын несие берілді. Соның нәтижесінде 1135 жаңа жұмыс орны құрылды.
2024 жылы 2,5 млрд теңгеге 268 несие беріліп, 400 адам жұмыспен қамтылды.
2025 жылға арналған жоспар – 5,5 млрд теңгеге 815 адамға несие беру және 886 жұмыс орнын құру.

Батыс Қазақстан облысында өсімдік шаруашылығы жүйелі жолға қойылып келеді. Ауыл шаруашылығы кооперативтері мен мемлекеттік қолдаулардың арқасында ауыл тұрғындарының табысы артып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бұл – ауыл экономикасының өркендеуі жолындағы маңызды қадам.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар