Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Ақтауда апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағының қара жәшіктеріндегі деректер қаншалық сақталғанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz Massaget.kz-ке сілтеп.
Бозымбаевтың сөзінше, қазір сарапшылар жұмыс істеп жатыр.
"Қара жәшіктер ашылып, Қазақстанға қайтарылды, Бас прокуратураның қолдауымен тергеу тобында. Қазір сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Бұл материалдардың көшірмелері Әзербайжан тарапында да, Ресей тарапында да бар. Жасыратын түгіміз жоқ", - деді вице-премьер Үкіметтегі брифингте.
Айта кетейік, 2024 жылы 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.
Қайғылы оқиғадан кейін Әзербайжанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Түсте бүкіл ел бойынша мемлекеттік тулар түсіріліп, көліктер тоқтады. Әзербайжандықтар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.