Боранбаевтың тағы бір аферасы әшкере болады

Dalanews 10 қаз. 2023 05:58 910

Өткенде сайтымызда Қазақстанды тиісті дәрі-дәрмекпен қамтитын «СҚ-Фармация» компаниясының алаяқтық әрекеті туралы мақала шығарған едік. Бұл жолы пандемиядан кейін жаңадан жұмысқа келген Ерхат Есқаливтің Назарбаев отбасының құдасы, Тимур Құлыбаевтың жақын досы Қайрат Боранбаевтың айтқанына көніп, мемлекет қаржысын желге қалай шашқанын медицина ғылымадарының кандидаты, балалар дәрігері Қайырғали Қонаев әшкере қылды. Алаяқтық әрекет былай өрбіген.  

 

 

«СҚ-Фармация» Жарғыдағы талапқа жүре қараған

«СҚ-Фармация» компаниясының өзіне жүктелген міндетті дұрыс атқармай отырғанын Қайырғали Қонаев та көптен бері айтып жүргенін білеміз.

Ол өзінің Фейсбуктағы жазбасында «СҚ-Фармация» компаниясы өзінің Жарғысында дәрі-дәрмекті тікелей өндірушілердің зауытынан сатып алу керек деген мүлде орындамайтынын айтыпты.

– «СҚ-Фармация» халық мүддесін көздейтін бұл талапты ешқашан пайдаланған емес, – деп өкпе-ренішін білдіріп, бұлайша пайымдауына не себеп болғанын былайша тәпсірлейді балалар дәрігері.

Білікті дәрігер «СҚ-Фармация» бүкіл әлем қауіпсіз әрі тиімді санайтын дәрі-дәрмектерді елге әкелмейтінін айта келе, компания сапалы түпнұсқа дәрілердің аналог дәрілерді әкеліп, Қазақстан халқының денсаулығын күйттеп... жүргенін ашып айтыпты.

 

Сапалы дәрінің баламасын қымбатқа сатып алған

Қайырғали Қонаевтың айтуынша, «СҚ-Фармация» түпнұсқа дәрілердің баламасын, яғни, әлсіз түрін қымбат бағаға сатып алып, мемлекет қаражасын желге ұшырумен айналысқан. Енді Қайырғали Қонаевтың жазбасындағы нақты мәліметтерге тоқталсақ,

– Компанияның қатерлі ісікке қарсы қымбат дәрілерді сатып алуынан біраз былықты байқауға болады. Ашық дереккөздерінде Алматы онкологиялық диспансері 2022 жылдың 2 сәуірінде «отандық өндіруші» саналатын Қарағанды фармацевтикалық кешені мекемесімен 111,2 млн теңгеге шарт жасасады.

Бір қызығы, дәл осы қатерлі ісікке қарсы шетелдің сапалы дәрісін елімізге жеткізуші (ресми дистрибьютор) «Ақ ниет» деген компания аталған мемсатуға қатысып, аталған дәріні 89,4 млн теңгеге сатып алуды ұсынған.

Ал «СҚ-Фармация» компаниясы еліміздің «Мемлекеттік сатып алу» заңындағы отандық өнім өндірушілерге басымдық беру мәселесін басшылыққа алып, Назарбаевтардың құдасы Қайрат Боранбаевтың кәсіпорыны саналатын Қарағанды фармацевтикалық кешенінен аналог препараттарды қымбат бағаға сатып алған, – дейді білікті маман.


Сол сияқты ісікке қарсы швейцариялық «Авастин» препаратының түпнұсқасын елімізге жеткізуші 16 мл флаконын 287 320 теңгеден, 4 мл флаконын 74 400 теңгеден, ал американдық дәл осындай ісікке қарсы «Герцептин» деген 440 мг түпнұсқа дәрінің флаконын 245 000 теңгеден жеткізіп бермекші болғанда, «СҚ-Фармация» компаниясы тағы да «отандық өндірушіні қолдау» мәселесін алға тартып, Қарағанды фармацевтикалық кешені өндірген дәр-дәрмекті қымбат бағада сатып алған.

Айталық, швейцариялық «Авастин» дәрісінің баламасы саналатын Боранбаевтың кәсіпорыны өндіретін «Бевацизумабның» 16 мл әр флаконын  332 448 теңгеден («Авастиннен» 45 128 теңгеге қымбат), 4 мл флаконын  88 251 теңгеден сатып алып, отандық өндіріске «қолдау» көрсетіпті.

Тағы да айта түссек, Қарағанды фармацевтикалық кешені «Трастузумаб 440 мг» сауда белгісімен шығаратын ісікке қарасы дәріні 358 920 теңгеден сатып алып, әр дәріге 113 920 теңгеден (американдық «Герцептин 440 мг» препарат 245 000 теңге болған) артық қаржы төлеген.

 

Отандық өнім деп орыстың дәрісін сатқан

Ең қызығы, «СҚ-Фармация» компаниясы отандық өнім деп жүрген препараттарды Қарағанды фармацевтикалық кешені Ресейдің «Биокад» деген компаниясынан сатып алып, оны ішкі нарыққа өздері өндірген «отандық өнім» ретінде саудалап келген.

Осыдан кейін бұл мекеменің дәрі-дәрмектерін «отандық өнім» деп қалай айтуға болады. Қайрат Боранбаевтың бұл аферасын «СҚ-Фармация» компаниясының басшысы Ерхат Есқалиев білмеді дегенге кім сенеді? Қарапайым балалар дәрігері Қонаевтың білген дүниесін Есқалиевтың білмей қалды дегенге бес жасар бала да сенбес.  


Күні кеше ғана Жаңа Қазақстан Қайрат Боранбаевтың былықтарын су бетіне шығарғанын білеміз. Алдағы уақытта Боранбаевты байытуға үлес қосып, оның былығына қатысқан Есқалиев те заң алдында жауап беруі керек!

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар