Боранбаевқа тиесілі қонақ үйдің құрылысы үш жылдан бері аяқталмай тұр: Medeu Park Hotel тағдыры не болмақ?

Қаракөз Амантай 12 мам. 2025 10:34 969

Алматыдағы әйгілі Медеу мұз айдынының іргесінде бой көтеріп жатқан "Medeu Park Hotel" элиталық қонақ үй кешенінің құрылысы әуелде 2022 жылдың соңына қарай аяқталады деп жоспарланған. Алайда жоба белгілі кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың компаниясына тиесілі болғандықтан, оның қамауға алынуы құрылыс қарқынына тікелей әсер еткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Курсив" басылымы Алматы қаласының қала құрылысы бақылау басқармасына сұраныс жолдап, нысанның қазіргі жағдайын анықтап көрді.

2023 жылдың наурызында Қайрат Боранбаевқа сот үкімі шыққан соң, сәуір айында "Medeu Park Hotel" компаниясы құрылыс жұмыстарын қайта бастап жатқаны туралы хабар берген. Содан бері құрылыс жалғасып келеді.

"Қазіргі уақытта қонақ үйдің ішкі әрлеу жұмыстары мен алаңішілік инженерлік желілерді жүргізу жұмыстары жүріп жатыр", – деп мәлімдеді қала құрылысы бақылау басқармасы.

Дегенмен құрылыс мерзімінің неліктен ұзарып кеткеніне шенеуніктер нақты жауап бере алмады.

Қонақ үйдің ресми сайты жоқ, бірақ Instagram парақшасында кешеннің ашылуы 2025 жылға жоспарланғаны көрсетілген. Ал құрылыс нысанының төлқұжатында жұмыс желтоқсан айында аяқталады деп жазылған.

"Medeu Park Hotel" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әлі күнге дейін Қайрат Боранбаев толық иелік ететін екі компанияның – "ААДТ" ЖШС мен "АЛМАЛЫ" активтерді басқару компаниясының басқаруында қалып отыр.

2021 жылдан бері Medeu Park Hotel мемлекетке 72,8 миллион теңге көлемінде салық төлеген. Ең аз төлем 2024 жылы тіркелген – небәрі 6 550 теңге. Ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында қазынаға 27,7 миллион теңге түскен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар