Әнші-әртіс қоғамдық пікірге қозғау сала алмайды
Бүгінде биліктің мұндай әрекетін қарапайым халық қолдап отыр. Бұл – болуы тиіс жағдай ғой. Егер осындай өзгерістер болмаса «Қасіретті қаңтар» кезінде жастардың қаны бекерге төгілген болып шықпай ма?
Сонықтан бай-манаптардың қолына кісен салынып, тергеліп жатса, оған жанашырлықпен әсте қарауға боламайды.
Оларға ара түсіп, Президентке хат жазған әнші-әртістердің әрекеті ешкімді екіұдай күйге салмауы керек. Салмайтынына да сенімдіміз. Бекерге халықтың наласына қалмаңыздар.
Қазақстанда түйені түгімен жұтып, отбасына жақын жүріп миллионер атанып, Forbes журналының тізімінде түспейтін кәсіпкерлердің бәрі ақ-адал жолмен байыды деп ешкім айта алмас.
Қойны-қонышы қаржыға толған мұндай жандар айыбын тартар кезде бірден беріле салмайтыныда ақиқат. Өзі жылдар бойы жемдеген әнші-әртістер арқылы қоғамдық пікірге қозғау салып, өздерін сүттен ақ, судан таза етіп көрсетуге тырысады.
Оған күні кеше ғана Роза Рымбаева бастаған әнші-әртістердің Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаевқа «шырылдап» ара түскені айқын дәлел болады. Несін айтасыз, олар Қайрат Боранбаевты мәдениеттің қамқоршысы етіп көрсетуге барын салыпты.
Боранбаев тойына шақырып, бірлі-жарым әртістің қалтасына қаржы салып, «қолдау» көрсетсе көрсеткен шығар. Бірақ бұдан Қайрекең әнші-әртістердің музасына айналып кетпегені анық қой.
Тіпті, бір мәдени мекеменің ремонтын жасауға қол ұшын созған шығар. Бірақ бұдан кейін халық Қайрат Боранбаевтың мәдениеттің жанашыры деп қабылдамасы анық.
Еліміздегі мәдениетке қолдау көрсететін Мәдениет министрлігі бар. Бірақ ол жерде Қайрат Боранбаевтың жұмыс істегенін естіген емеспіз. Сондықтан әнші-әртістердің оны «мәдениеттің қамқоршысы» деп ара түсуі ақылға сыймайды.
«Қаңтар қасіреті» кезінде алаңға шығып, өзінің азаматтық позициясын көрсете алмаған әнші-әртістердің бұлайша ел арасын сына қағып, ірткі салуына (бұдан басқа қалай бағалауға болады) моралдық құқығы жоқ.
Алдағы уақытта мұндай бай-манаптарға, жоғары лауазымды қызметтерде ұзақ отырып қалып, қызметінен айырылған адамдарға араша түсушілердің саны артып, Президент Тоқаевқа хат жазып, әлденені дәлелдегісі келетіндердің қатары арта түсетінін байқап отырған шығарсыздар.
Осыдан біршама уақыт бұрын Талғат Рысқұлбеков әлеуметтік желіде Қайрат Сатыбалдының жақсылығын көрген адамдар «оған неге ара түспейді» деп таңқалысын жасырмаған болатын.
Сәл шыдасақ, әнші-әртістер мен зиялы қауым арасынан Болат Назарбаевқа аратүсушілер табылып жатса, таңқалмаңыздар.
Алена Горбачева «крупный медиаменеджер» ма?
Күні кеше ғана әлеуметтік желіне ақтарып отырып, «Хабар 24» телеарнасының директоры Алена Горбачева деген медимаманның қызметінен кетіп бара жатқанына ұжымындағы тілшілер қауымы «ах ұрып» Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үшбу хат жазыпты.
Хатта «Хабар 24» арнасының журналистері өздерін жылдар бойы басқарған Алена Горбачевадай медиаменеджерді Қазақстаннан қолымызға шам алып іздесек те таппайтынымызды айтып, Президентке осы бір «әділетсіздіктің» алды өтініпті.
Журналситика саласында 20 жылдай еңбек етіп келеміз, бірақ Алена Горбачева деген «крупный медиаменеджердің» мақаласын, тележобасын көзіміз көрмепті. Ол үшін әріптестеріміз ренжімей-ақ қойсын.
Аленушка ортанқол журналсит шығар. Бірақ оны медиасаласындағы «гигант маман» екенін бірінші рет Тоқаевқа жазған хаттан білдік.
Майлы жіліктің басын ұстағандар қызметінен кеткенде олар осындай қырынан танылып жататыны бізге жақсы таныс.
Шындығында «гигант маманды» ешқандай билік бір күнде қызметінен алып тастай алмайды ғой.
Әлгі хатпен танысқанда «Хабар 24» аранасының журналистері Алена Горбачева кезінде арнаның рейтингісі көтерілгенін, жаңалықтар тарататын бірден-бір каналға айналғанын, тіпті бізді шетелдің адамдары көре бастағанын (мұнысы тым артықтау енді), еліміздегі хабар-ошарды былай қойып, өзге елдегі саяси оқиғалардың баға беретін (онысын көрмептік) теларнаға айналғанын, еліміз бен өзге елдерде тілшілер ұстауды бастағанын айтып, басшыларына ара түсіпті.
«Хабар 24» арнасы ұзақ жыл бойы биліктің сойылын соғып, саяси пропагандамен айналысқанын бес жасар балада біледі. Жылдар бойы мемлекеттен миллиардтаған қаржы алып отырды.
Алена Горбачева табанын тозып, жарнама тартып телеарнаға қаржы тартпағаны анық қой. Сондықтан оны керметтей менеджер деп әспеттеп, ара түсудің жөні жоқ.
Жыл сайын мемлекеттен миллиардтаған қаржы алатын, қаржылық мәселесі түбегейлі шешілген телерана мен газеттерді журналистика факультетін жаңадан бітірген кез келген жас маман басқарып кететінін ұмытпауымыз керек.
Сондықтан мемлекеттің мекемелерді басқарған басшыларды майталман ұйымдастырушы, аузымен құс тістеген медиаменджер мақтау артықтау...
Егер миллиондаған көрермендер Алена Горбачева дәл осылай баға беріп араша түсіп жатса онда, әңгіме басқа.
Ал Алена ханымның қол астындағы журналистері өз басшылары бұлайша баға беруіне моральдық қақысы жоқ. Алена Горбачева қызметінен кетсе, «Хабар 24» арнасы түңдігі желпілдеп құлап қалмайды. Сол баяғы әдепкі жолынан айнымай, хабар тарата бертіні анық. Сондықтан «хабарлық» әріптестер тым көңілшектікке салына бермеңіздер.
Нұрлан Жұмахан