Тергеу изоляторында отырған Данияр Әлпиев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, көмек сұрады. Кәсіпкер хатында "Алтын орда" базарындағы былықтар туралы айтқан, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Данияр Әлпиевтің хатын оның адвокаты Динара Жұбатова әлеуметтік желідегі парақшасында жария етті.
Хатта кәсіпкер Астананың экономикалық тергеу департаментінің бұрынғы қызметкерін айыптап, Тоқаевтан "Алтын ордадағы" былықтарға араша түсуді сұраған.
Әлпиевтің сөзінше, билік базарға қатысты қолға алған шараларға қарамастан "Алтын ордаға" қайтадан қауіп төніп тұр. Ал оған, кәсіпкердің сөзінше, Астананың экономикалық тергеу департаментінің бұрынғы қызметкері Еркебұлан Хамзин кінәлі көрінеді.
"Хамзин өзін елші Қаныш Избастиннің немере інісі деп таныстырып, маған біздің отбасымыздан рейдерлік жолмен тартып алынған "Алтын орда" базарын қайтаруға көмектесе алатынын жеткізді. Мен әкемнің аманатын аман алып қалу үшін келістім", - дейді Әлпиев.
Артынша Хамзин кәсіпті тартып алу үшін "таныстарын" тартқан.
"Қазіргі уақытта Хамзин Президент әкімшілігіндегі таныстарының атын жамылып базарды былықтырып жатыр. Ол жыл бойы маған президенттің отбасының көңілі толмайтынын айтып, кассаны қымбаттату керек деп бұйырды. Кассаны тек жалдау ақысын қымбаттатып қана көтеруге болады, салдарынан әлеуметтік шиеленіс туады. Сондықтан олай істеуге болмайтынын айттым", - дейді Әлпиев.
Хамзин бұйырығы орындалмай қалғаннан кейін Хамзин Данияр Әлпиев пен Ермек Марқабаевтың беделіне нұқсан келтіріп, құзырлы органдарға базар қызметі туралы дұрыс емес ақпарат жіберген. Сондай-ақ ол екеуінің де ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар деп айтқан.
"Хамзиннің адамдары базарды күшпен басып алып, оны басқаруды өз қолдарына алды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған, бірақ бірнеше күннен кейін іс жабылды. Базарды басып алуға Алматы облысының ішкі істер департаменті арнайы жасақты жіберіп көмектест. Мені базардан қуып шыққаннан кейін монополия пайда болып, Болат Назарбаевтың адамдары келе бастады. Хамзин Назарбаевтың адамдарымен келісіп алған болуы керек", - дейді кәсіпкер.