Биыл көктемде басы дауға қалған компания - «TOLAGAI-2050» ЖШС бас директорының орынбасары Асқар Сердалин компанияны Болат Назарбаевтың қызымен не байланыстырғанын айтып берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кетейік, сәуірдің ортасында 30 мың алматылықтың өміріне қауіп төніп тұрғаны туралы хабар тараған болатын. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов "Ақсай" бассейніндегі сел ұстайтын бөгетті салу кезінде ақша жымқырылғанын айтты. Кейіннен бөгетті салған компания Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаевамен байланысты екені белгілі болды.
«TOLAGAI-2050» компаниясы соңғы 5 жылда бөгеттер мен гидротехникалық құрылыстарды салуға бөлінген барлық қаражаттың үштен екісін алған. Алматыдағы Ақсай бөгетін де осы компания салып жатыр.
Асқар Сердалин «Голос народа» басылымына берген сұхбатында бөгет құрылысының тоқтап қалуына оның сапасының қатысы жоғын айтқан. Кәсіпкердің сөзінше, маңызды нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы өзгертілген, бірақ «Казселезащита» заңмен белгіленген мерзімде бұл өзгерістерді мақұлдамаған болып шықты.
Мемлекеттік органдар «TOLAGAI-2050» ЖШС-мен жаңа келісімшарттар жасауын неге тоқтатпаған? Бұл бірнеше жыл бұрын компаниядағы құрылтайшылар құрамында Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаеваның болуымен байланысты болуы мүмкін бе?
Асқар Сердалиннің сөзінше, Ақбота Назарбаеваның құрылтайшылар құрамында болуының себебі бөлек.
«Назарбаевтар әулетімен біздің компанияның Алматы маңындағы тұрғын үй алабын салу жобасына қатысуы туралы нақты келісім болды. Бірақ жоба іске аспай, екі тарап екі жаққа кетті Назарбаевтар әулетінен басқа қандай да бір пайда тауып қалу деген болған жоқ. Оны мемлекеттік сатып алу бойынша жүргізілген статистикалардан-ақ білуге болады», - дейді Асқар Сердалин.
Компания Алматыдағы бөгетті салудың кешігуі қаржыландырудың кешігуімен байланысты екенін айтады.