Астанада егізге жүкті болған әйелдің екі баласынан айырылуына байланысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазір әйел босанғаннан кейінгі бөлімде жатыр. Ол қажетті ем алып, дәрігерлердің бақылауында.
«Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы аталған жағдай бойынша ақпарат береді. Жағдай басқарманың бақылауында. Қазіргі уақытта пациент босанғаннан кейінгі бөлімде жатыр, қажетті ем қабылдап, медициналық бақылауда. Аталған жағдай бойынша қызметтік тергеу жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті баға беріледі», – деп хабарлады басқарма.
Бұған дейін бірқатар БАҚ-та әйелдің туыстарына сілтеме жасап, жүктіліктің алтыншы айында ұрықтардың бірінің шетінеп кеткені туралы ақпарат тараған. Туыстарының айтуынша, сол кезде дәрігерлер отбасына жүктілікті жалғастыруға мүмкіндік бар екенін айтқан.
Олардың мәліметінше, бірнеше аптадан кейін әйелдің денсаулығы нашарлап, талдау көрсеткіштері өзгерген. Кейін ол перинаталдық орталыққа жатқызылған.
Туыстарының сөзінше, шұғыл операция әйел медициналық мекемеге түскеннен бірнеше күн өткен соң жасалған.
Екінші сәби жүктіліктің 31-аптасында дүниеге келіп, шамамен бір тәулік өмір сүрген. Туыстары баланың өлімін сепсиспен байланыстырады. Алайда жарияланған ақпаратта бұл себепті растайтын ресми медициналық қорытынды келтірілмеген.
Қазір әйел босанғаннан кейінгі бөлімде ем қабылдап жатыр. Қызметтік тергеу нәтижесі бойынша жағдайға тиісті баға берілетіні хабарланды.