Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі Маңғыстау облысында 239 мың гектар, Жамбыл облысында 60 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған еді. Дегенмен олар қазір кәдеге асып жатыр ма? Бұл сұраққа ресми органдар жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz Massaget.kz-ке сілтеп.
2023 жылы мәжіліс депутаты Ерлан Саиров заңсыз алған деп танылған Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі Жамбыл және Маңғыстау облысындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлаған еді. Осы тұста Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі жер шаруаларға үлестірілді ме деген сауал туындады.
Жер ресурстарын басқару департаментінің жауабы:
Сауалға Жамбыл облысының жер ресурстарын басқару департаменті жауап берген. Департамент өңірде біраз жер жекенің қолына өтіп кеткендіктен осындай мәселе туындап отырғанын жеткізді. Сол себепті қазір пайдаланылмай жатқан алқаптарды қайтару жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр екен.
"Президент тапсырмасы аясында облыста 2022 жылы 202, 7 мың га, 2023 жылы 201,2 мың га жер мемлекет иелігіне қайтарылса, ағымдағы жылдың 1 тамызында мемлекет меншігіне қайтарылған жердің алаңы - 77,2 мың гектар. Биылғы жоспар 80 мың гектар жерді қайтару", - делінген хабарламада.
Болат Назарбаевтан қайтқан жер тағдыры:
Ал Болат Назарбаевтың еншілес компанияларынан қайтарылған 60,0 мың га жер "БН-Экотехнология" ЖШС-на тиесілі болған екен. Компания Сарысу ауданының Қамқалы ауылдық округі аумағындағы жер қорынан алаңы 60 000 га жайылым жер учаскесіне тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін 49 жылға өтеулі жер пайдалану құқығын алыпты. Жер пайдалану құқығы 2006 жылдың 18 шілдесінде Сарысу әкімдігінің 166 қаулысымен заңдастырылған. Десе де, серіктестік жайылым жеріне құқық тапсырған 2006 жылдан бері пайдаланбай келген.
"Осыған орай жер пайдаланушымен департамент пен Сарысу ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі өкілдерінің тікелей кездесуі арқылы жүргізген түсіндірме жұмысынан кейін жер пайдаланушы жерді мемлекет меншігіне өз еркімен нотариуспен бекітілген өтініші негізінде қайтарған. Мемлекет меншігіне қайтарылғандығы туралы аудан әкімдігінің қаулысы қабылданған. Сарысу ауданы жер қатынастарының мәліметіне сәйкес, бүгінгі күнге дейін аталған жер учаскесіне құқық тапсырылмағандықтан, жер толығымен мемлекет жер қорының есебінде тұрғандығын хабарлаймыз", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев қайтыс болғаннан кейін оның мүлкін бөлу процесі басталғанын хабарлаған едік.
bes.media деректеріне сүйенсек, Болат Назарбаев қайтыс болғаннан кейін нотариус 2024 жылғы 3 қаңтарда мұрагерлік бойынша істі ашты.
"Назарбаевтың отбасы мүшелері, соның ішінде ұлы Нұрбол, жұбайы Динара және бірнеше баласы мұрагерлік құқығы туралы өтініш білдірді. Өтініштер бірлесіп сатып алынған мүліктің үлесіне де, заң бойынша мұраның міндетті үлесіне де қатысты", - деп жазылған мәліметте.
Мұрагерлік құқығы туралы өтінішпен Нұрбол Болатұлы Назарбаев (1983 жылы 14 қарашада туған, мұра қалдырушының ұлы), Назарбаева Динара Кемелханова (1986 жылы 4 желтоқсанда туған, мұра қалдырушының жұбайы) жүгінген.
Заң бойынша мұраның міндетті үлесін алуға өтініш білдірген Болат Назарбаевтың балалары:
- Болатұлы Болатхан, 2012 жылы 7 ақпанда дүниеге келген.
- Назарбаев Мұхаммед Болатұлы, 2021 жылы 21 қыркүйекте дүниеге келген.
- Назарбаева Еркежан Болатқызы, 2018 жылы 18 мамырда дүниеге келген.
- Назарбаев Елнұр Болатович, 2013 жылы 19 тамызда дүниеге келген.
- Назарбаев Болат Болатович, 2014 жылы 17 қазанда дүниеге келген.
- Назарбаев Акбар Болатович, 2016 жылы 23 қарашада дүниеге келген.
- Назарбаева Нұрбану Болатқызы, 2018 жылы 9 шілдеде дүниеге келген.
- Болатқызы Томирис, 2013 жылы 30 шілдеде дүниеге келген.
- Болатқызы Аруназ, 2016 жылы 30 қаңтарда дүниеге келген.
- Назарбаев Ханболат Болатұлы, 2002 жылы 17 ақпанда дүниеге келген.
- Назарбаева Альбина Болатқызы, 2003 жылы 7 маусымда дүниеге келген.
- Назарбаев Хантөре Болатұлы, 2018 жылы 26 қаңтарда дүниеге келген.
- Назарбаева Жанель Болатовна, 2010 жылы 3 қарашада дүниеге келген.
Болат Назарбаевтың мүлкін бөлу мұрагерлік туралы іс қаралғанша уақыт алады.