Болат Әбілов Назарбаевтың қаламсабын 20 мың долларға не үшін сатып алды?

Dalanews 14 ақп. 2022 04:04 963

Әлеуметтік желіде белгілі журналист Гүлбану Әбенова 1992 жылы елімізде бір пәтердің құны 100 доллар болған кезде Болат Әбілов Назарбаевтың аукционға шығарылған қаламсабын 20 мың долларға сатып алғанын айтып, таңданысын жасырмапты.

– 1991 жылы Қазақстан өзінің тәуелсіздігіне ие болды. Ал 1992 жылы күнкөріс қиындап, айлық кешіге бастады. Сол кезде облыс орталығындағы пәтерлердің құны 100 долларға дейін құлдыраған еді. Жұртта ақша болмады. Бірақ сол қысқа уақытта Болат Әбіловтың бизнеспен айналысып, қалай дәулетті адамға айналғанын түсіне алмадық, – дейді журналист.

Иә, 1992 жылы Болат Әбілов Назарбаевтың қаламсабын қалай сатып алғанын Forbes.kz басылымына қуана әңгімелеп берген-ді.

1992 жылы «Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаева көмекке мұқтаж балаларға қажетті қаржы жинау мақсатында қайырымдылық телемарафонын ұйымдастырған-ды.

Телемарафон кезінде ұйымдастырылған аукционда Роза Бағланованың шай ішуге арналған ыдыстары, Бибігүл Төлегенова мен Ермек Серкебаевтың киімдері және Қазақстан БҰҰ мүшелігіне қабылданғанда Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау құжатқа қол қойған қаламсабы бәс саудаға шығарылған болатын.

– Мен бәс саудаға шығарылған Назарбаевтың қаламсабын қалай болғанда да сатып алуым керек екенін түсіндім. Бірінші кезекте президентімізге қазақ кәсіпкері ретінде қолдау көрсеткенді жөн санадым. Екіншіден, бәс саудаға сол кезде көптеген шетелдік компаниялар қатысып, олар да қаламсапқа көз тігіп отырды. Президенттің қаламсабын өзге елдің кәсіпкерлері сатып алып, бөтен елге алып кеткенін қаламадым.


Үшіншіден, аукцион өткен залда атышулы бандиттер отырған еді. Өз басым Президенттің қаламсабын қылмыстық топтың серкелері сатып алғанын қаламадым.

Төртіншіден, президенттің қаламсабын сатып алған күннің ертесінде елімізге танымал азаматтардың бірі болып оянатынымды түсіндім. Осылайша мен президенттің қаламсабын сатып алдым.

Осыдан кейін мені Нұрсұлтан Назарбаевтың күзеті шақырып алып, танысты. Назарбаевпен таныстығым осылайша басталды. Әлгі қаламсаппен Нұрсұлтан Әбішұлы ақ қағазға «16 қазан 1992 жыл» деп жазып, естелік үшін қол қойып берді, – деп Болат Әбілов Forbes.kz басылымына әңгімелеп берген болатын.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар