Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек “Болашақ” бағдарламасының кейбір түлектері мемлекет алдындағы міндетін орындамай жүргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Үкіметте өткен брифингте журналистер министрден шетелде білім алған, бірақ елге қайтып, жұмыс істемеген түлектердің нақты санын сұрады.
“Өкінішке қарай, мұндай түлектер бар. Өткен жылы ауқымды аудит жүргізіліп, “Болашақ” бағдарламасының ақпараттық жүйесі мен шекара қызметінің базасы біріктірілді. Енді әрбір түлектің қайда екенін бақылап отыруға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда 200-300 аралығында адам анықталды. Олардың стипендиясы тоқтатылып, қаржыны мемлекетке қайтару шаралары қолға алынуда. Бұл процесс сот шешімі немесе екіжақты келісім арқылы жүзеге асады,” – деді министр.
Министрлік “Болашақ” түлектерінің міндеттемелерін орындауын қатаң қадағалап, бақылау механизмдерін күшейтіп жатқанын атап өтті.