Боксшы Еркебұлан Шыналиев Түркияда өзіне қысым жасалғанын мәлімдеді

Сағыныш Сардарова 09 ақп. 2026 16:39

Бокстан Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері Еркебұлан Шыналиев өзіне қатысты заңсыз әрекеттер жасалғанын айтып, құқық қорғау органдарынан көмек сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Спортшының айтуынша, 2025 жылы мамырда қазақстандық екі азамат оны Түркияның Ыстамбұл қаласына бапкер ретінде шақырған. Ол жақта шамамен он күн болып, жаттығу өткізіп, бапкерлік қызмет атқарған. Қазақстанға оралғаннан кейін сол азаматтардың бірі оған белгісіз адамдарға күш қолдану туралы ұсыныс жасағанын, алайда одан үзілді-кесілді бас тартқанын жеткізді.

Біраз уақыт өткен соң биыл қаңтарда олар қайта хабарласып, Түркияға тағы шақырған. Спортшының сөзінше, әуежайдан күтіп алған адамдар оны Ыстамбұлдан алыс орналасқан орман ішіндегі тастанды ғимаратқа апарып, қарумен қорқытып, "ҰҚК-ның өкілімін деп" айтуға мәжбүрлеген.

Ол жерде тағы бірнеше адам болғанын, олар Орта Азия елдерінен келгенін байқағанын айтты. 

"Менің ойымша, олар Түркия билігінен саяси баспана сұрау үшін осындай әрекетке барды", - деді спортшы.

Видеоүндеу соңында спортшы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінен және Бас прокуратурадан көмек сұрады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove