Блогер Жанабыловтардың ұтысы: іс сотқа жетті

Көркем Алдабергенова 28 там. 2025 14:28

Instagram-да ұтыс ойынын ұйымдастырған блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты дау сотқа жетті. Істі Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Туризм және спорт министрлігінің лотерея және ойын бизнесін реттеу комитеті Жанабыловтар өткізген ұтыс ойындарына қатысты тексеріс бастаған.

Комитеттің мәліметінше, Ерболат Жанабыловтың парақшасында күн сайын ақша, көлік және өзге де бағалы сыйлықтар тігілген ұтыс ойындары өткізілген. Мұндай әрекеттер лотерея қызметін реттейтін заңнама талаптарына қайшы келуі мүмкін (Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабы).

"Осыған байланысты 26 тамыз күні Жанабыловқа қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабының 6-бөлігімен хаттама толтырылды. Адвокатының өтініші бойынша іс Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды", – деп хабарлады министрлік Tengrinews.kz-тің ресми сауалына берген жауабында.

Комитет өкілдері Ерболат Жанабыловтың жұбайы Эльмира Төлегенованың да іс-әрекеттеріне тексеріс жүргізіліп жатқанын айтты. Қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданбақ.

Ведомство дерегінше, әлеуметтік желілерде заңсыз лотереяға ұқсайтын ұтыс ойындары туралы шағымдар жиі түседі.

"2024 жылы Instagram, TikTok, WhatsApp арқылы заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған 101 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 43 млн теңге айыппұл салынды. Ал 2025 жылы 72 адамға 30 млн теңгеден астам айыппұл салынды", – деді комитет.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар