Жуырда тіс емдеуге өтініш беру кезінде БЖЗҚ қаражатын мақсатсыз пайдалану және құжаттарды қолдан жасау деректері әшкере болды. Қазір Атырау облысында ауқымды тергеу жүргізіліп жатыр. Журналист Михаил Козачков осы жағдайға байланысты тың дерек жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мән-жайы
Бұған дейін 15 қыркүйектен бастап 2026 жылғы 15 сәуірге дейін enpf-otbasy.kz платформасында тіс емдеуге өтініш қабылдау тоқтатылды. Артынша қазақстандықтар зейнетақы жинағын тіс емдеуге мүлдем қолдана алмайтын болды. Мұның бәрі зейнетақы жинағын алу кезіндегі заңсыздықтарға байланысты қабылданды.
Оған қоса Қаржылық мониторинг агенттігі Атырау облысында "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан" қаражатты заңсыз алуға жәрдем көрсеткен 5 қылмыстық топтың әрекетін әшкереледі.
Қанша қаржы тіс емдеуге жұмсалды?
Отбасы банк мәліметінше, 2021 жылдан 2025 жылғы 20 тамызға дейін Отбасы банкінің enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тек "Стоматологиялық қызметтер" бағыты бойынша 757 млрд теңгеге 795 424 транзакция жасалған.
"Соның 222,61 млрд теңгесі ТОП-20 стоматологиялық клиникаға түскен. Бұл клиникалардың жартысы Атырауда, қалғандары Алматы мен Астанада орналасқан", - деді банк өкілдері бұған дейін.
Бұл стоматологиялық клиникалар туралы не белгілі?
Журналист Михаил Козачков жариялаған суретте осындай 9 клиника көрсетілген. Олардың дені Атырауда орналасқан. Мәселен Атыраудағы "Forward Clinic Atyrau" ЖШС-ға биылдың өзінде 22 миллиард теңгеден аса қаражат түскен. Тізімде Атырауда орналасқан алты клиника, Астанада орналасқан үш клиника көрсетілген.
"2025 жылғы 1 сәуірден бастап 20 тамызға дейін БЖЗҚ-дан тіс емдеуге 247 605 309 087 теңге шығарылған", - деп жазылған мәліметте.