Бірлікті сақтау Тоқаев стратегиясының басты бағыты - Мәжіліс депутаты

Dalanews 24 шіл. 2022 06:25 253

Депутат Сауытбек Әбдірахмановтың айтуынша кешегі Қаңтар оқиғасынан кейін өткен өмірімізге сын тұрғысынан қарауға тиіспіз.

Заман ұшынып, жан-жағымызда дауыл тұрып жатқан шақта халықтың ертеңге деген сенімін күшейту қажет. Ал бұл күреспен келетін дүние.

"Қазіргі қиын-қыстау заманда бізге керегі бірлік. Геосаяси жағдай асқынып тұрғанда, шаңырағымызды шайқап алмауды бірінші кезекте ойлауымыз қажет.

Бірлік қай заманда да, қай қоғамда да керек. Бұл тұрғыда Қаңтар оқиғасы Қазақстанның тәуелсіздік тарихында болып көрмеген ауыр сынақ болды. Тәуелсіздіктің тағдыры қыл үстінде тұрғаны рас, ел іргесі сөгілуге шақ қалды. Біз бұл сынақтан халықтың бірлігі мен президенттің ерлігі арқасында шықтық», – деді Dalanews-ке пікір білдірген Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша бірлікті сақтау президент Тоқаевтың саяси стратегиясының басты бағыты. Ел ішінде дүрбелең болдырмау үшін Жаңа Қазақстан билігі қажетті шараларды қолға алуда.


"Бұл тұрғыда халық Ассамблеядан белсенділік күтеді. Парламент қабырғасында Ассамблея атынан сайланған депутаттар болсын, Ассамблея қатарындағы қоғам белсенділері болсын Жаңа Қазақстанның қабырғасын қаласуға атсалысуы қажет. Елімізде тұратын көптеген этнос өкілдерінің санасында өзгеріс болмайынша, бірлік те бекем болмайды.

Ассамблеяға Жаңа Қазақстанның бағытымен жүруі қажет. «Отанымыз бір, тағдырымыз бір» деген жалпылама ұрандардан арылатын уақыт жетті. Ассамблея мүшелері Қазақстанның саяси реформаларына үн қосуын күтіп отырмыз», – деді халық қалаулысы.

Сауытбек мырзаның атап өткеніндей сырттағы кикілжіңдер Қазақстанға әсет етпейтін иммунитет қалыптастырғанымыз жөн. Бұл үшін отаншылдық атты түсінікті жаңа қырынан тануға тиіспіз.

Депутаттың пікірінше осы ұғымды әлі күнге жете түсінбейтіндер баршылық. Отаншылдықтың тағы бір мағынасы елің, отаның үшін мақтану.

«Алайда бұл үшін мақтануға тұрарлық нәрсе болуы қажет. Жасырып жабары жоқ, сан түрлі себептерге байланысты соңғы жылдары ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз азайып қалды. Иә, өткен отыз жылда жүріп өткен жолымызды жоққа шығаруға болмайды.  Десе де, осы күнге дейін малданып келген нәрселеріміз мақтануға тұрмайтын нәрселер екендігі белгілі болды. «Мен еліммен мақтанамын» деген жалпылама сөз, жалаң ұраң. Несімен мақтанамыз? Осыған ойландық па? Шыны керек, сондайда айтатын сөз таппай қысыласың. Бұдан былай мақтанатын нәрсеміз көп болуы қажет.

Дәл қазір халық Жаңа Қазақстаннан әлеуметтік-экономикалық реформаларды жеделдетіп жүргізуді күтеді. Қазақстан қазіргі потенциалымен бүгінгіден бай, дәулетті мықты мемлекет бола алады», – дейді депутат.

Мәжілісменнің пікірінше бүгіндері «әртүрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» деген Президент Тоқаевтың концепциясы өте өзекті. Қазір бір ұлтқа айналу, бір ұлтқа ұйысу, сол ұлттың ұйытқысы қазақ халқының төңірегіне топтасу міндеті маңызды.


«Елдегі түбірлі өзгерістер үшін ең алдымен мемлекет құраушы ұлт жауапты болуы керек. Әлемдік ахуал ауырлап барады. Санкциялар соғысы Қазақстанға тікелей әсер етпейді деп айта алмаймыз. Қымбатшылық келіп жатыр. Осындай жағдайда халықтың жүйкесі бұрынғыдан да жұқара түседі. Ел әртүрлі сөзге ергіш бола түседі. Осындай кезде Ассамблея ерекше жауаптылық таныту қажет. Елдегі ахуалды өзгертуге үкіметтің әлеуеті жетеріне жұрттың көзін жеткізіп, көңілін сендіру маңызды», – дейді Сауытбек Әбдірахманов.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар