Үкімет отырысында уақыт белдеуі мәселесіне назар аударылды. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бірыңғай уақыт белдеуіне көшуінің халық денсаулығына практикалық әсерін зерттеу нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министр «AMANAT» фракциясында өткен талқылаудың қорытындысы бойынша халық денсаулығына, энергия тұтынуға және еңбек өнімділігіне бірыңғай уақыт белдеуінің әсерін бағалау мақсатында мониторинг жүргізілгенін атап өтті. Бұл жұмысқа медицина, нейроғылым, биофизика, генетика, астрофизика, физиология саласындағы ғылыми-зерттеу институттары, мәслихат депутаттары және мүдделі тараптар тартылды.
Зерттеу барысында мәліметтерді талдау, сауалнама нәтижелері мен бірыңғай уақыт белдеуіне дейінгі және кейінгі көрсеткіштерді салыстыруды қамтитын кешенді әдіс қолданылды. Зерттеу әдістемесі халық денсаулығы, энергия тұтыну, еңбек өнімділігі, оқушылардың үлгерімі, жол-көлік оқиғалары, қылмыс деңгейі және басқа да аспектілер бойынша 40-тан астам көрсеткішті қамтиды.
«Денсаулық сақтау бойынша әртүрлі жас топтары, сондай-ақ қала және ауыл тұрғындары қамтылды, есеп 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіштер негізінде жүргізілді. Энергия тұтыну бойынша электр энергиясын пайдалану статистикасы, оның ішінде ең жоғары жүктемелер және ел бойынша тұтыну көлемі салыстырылды. Еңбек қызметі тұрғысынан орындалған жұмыс көлемі, кешігулер мен жұмыстан қалу жағдайлары, жарақат алу мен тәртіп бұзушылықтар есепке алынды.
Нәтижесінде бірыңғай уақыт белдеуіне көшу халықтың негізгі өмір сүру көрсеткіштеріне теріс әсер етпегенін көрсетіп отыр» деп түсіндірді Арман Шаққалиев.
Олжас Бектенов президент Үкімет пен Парламентке бұл мәселені конструктивті түрде қарастыруды тапсырғанын айтты.
«Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Үкімет пен Парламентке бұл мәселені конструктивті түрде қарастырып, бірлескен әрі салмақты шешім қабылдауды тапсырды. Министр баяндамасында атап өткендей, мониторинг нәтижелері бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы қабылданған шешімнің теріс әсері болмағанын көрсетті»,деді Олжас Бектенов.
Ол Мәжіліспен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.