Бір той адам өмірінің қанша уақытын алады? Экономист есеп жүргізді

Бір той адам өмірінің қанша уақытын алады? Экономист есеп жүргізді
Фото: ЖИ

Facebook желісінде қоғам қайраткері Саят Ыбырай қазақы тойдың адам уақыты мен экономикаға түсіретін салмағы туралы жазба жариялады. Оның айтуынша, бұл ойды ол экономист ғалыммен болған әңгімеден кейін көпшілік талқысына ұсынған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Автордың сөзінше, әңгіме барысында экономист әріптесі 300 адам шақырылған, шамамен 10 сағатқа созылған тойды мысалға алып, қарапайым есеп жүргізген.

“Әуелі 300 қонақты 10 сағатқа көбейттім. Сонда 3000 адам-сағат шықты. Оны сегіз сағаттық жұмыс күніне шаққанда 375 күн болады. Демек, бір той – бір адамның бір жылдық өміріне тең”, – дейді экономист.

Саят Ыбырайдың айтуынша, әңгімеге қатысқан зейнеткер бұл есеппен келісіп, қазақ қоғамындағы ұзаққа созылатын той мәдениетін сынға алған.

“Той тойламаңдар деп отырған ешкім жоқ. Бірақ осы үшін 300 адамды 10 сағат бойы отырғызу қаншалықты орынды? Қонақтардың көбі кеткісі келсе де, ренжітпейін деп амалсыз отырады”, – деген ол.

Ал оның жұбайы да құттықтау, бата беру және ағайынмен қауышу сияқты рәсімдерді бірнеше сағаттың ішінде өткізуге болатынын айтып, тойдың ұзақтығын қысқартуға болатынын жеткізген.

Бір кештің құны – 20 миллион теңге

Жазбада тойдың қаржылай шығыны да сөз болады.

Экономистің есебінше, бүгінде 100 адамға арналған тойдың орташа құны 6-8 миллион теңгені, ал 200 адамдық тойдың шығыны 13 миллион теңгені құрайды.

Алайда әңгімеге қатысушылардың бірі бұл есеппен келіспеген.

“Қойыңыз, кемі 20 миллион теңге. Жақында ғана қызымды ұзаттым, жақсы білемін”, – деген.

Осыған байланысты автор бір кешке жұмсалатын қаражаттың артында бірнеше жылдық еңбек жатқанын айтып, мұндай қаржының білімге немесе кәсіпті дамытуға жұмсалса, қоғамға көбірек пайда әкелетінін алға тартады.

Айына екі той – жылына бір ай уақыт

Экономист тек қаржыны ғана емес, уақыт шығынын да есептеп көрген.

Оның айтуынша, егер адам айына орта есеппен екі тойға қатысып, әрқайсысы 6-7 сағатқа созылса, бір жылда шамамен 156 сағат немесе 20 жұмыс күні тойда өтеді. Ал тойлар 10 сағатқа созылатын болса, бұл көрсеткіш 30 толық жұмыс күніне дейін жетеді.

“Айына екі емес, үш-төрт тойға барсаңыз, бір жылдың ішінде 1-2 айлық өміріңіз тек тойға кетеді”, – дейді экономист.

Автор бұл есепті 40 жылдық еңбек өтілі бар профессор-экономистің жасағанын атап өтті.

Сонымен қатар экономист нақты шығын бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтқан. Оның сөзінше, жолға, киім таңдауға, сыйлық алуға және дайындыққа кететін уақыт есепке алынбаған.

“Даңғаза тойлардың қатты музыкасынан кейін екі күн бойы өз-өзіме келе алмаймын. Оны бұл есепке қосқан жоқпын”, – дейді ол.

Қатты музыка денсаулыққа зиян

Әңгіме барысында пікір білдірген дәрігер де ұзаққа созылатын тойлардың денсаулыққа әсеріне тоқталған.

“Анандай даңғырлаған музыкамен адамды өлтіруге болады. Жоғары децибелдегі дыбыс жүйке жүйесіне ауыр салмақ түсіреді. Өлмесең де, депрессияға түсуің мүмкін. Келесі күні адамның еңбекке қабілеті күрт төмендейді”, – деп атап өткен ол.

Мәселе экономикаға келіп тіреледі

Жазба соңында Саят Ыбырай жеке адамның уақыты мен қаржысы ғана емес, жалпы ел экономикасына түсетін салмақ туралы ой қозғайды.

Автордың айтуынша, осы есептерді тыңдағаннан кейін оның көкейінде: “Ал мемлекеттің экономикасына шаққанда қазақы тойлардың жалпы шығыны қандай болады?” деген сұрақ туған.