Respublica партиясының жетекшісі Айдарбек Ходжаназаров Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді. Ол айтылып жатқан нұсқалардың ешқайсына сенбейтінін мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Менің ойымша, мұнда саяси негіз жоқ. Бұл - жеке мәселе. Ешқандай нұсқаға сенбеймін. Менің ойымша, бұл - тұрмыстық қылмыс. Ол әзірге куәлік бере алмайды", - деді Ходжаназаров.
Сондай-ақ, Берденовтің қазіргі жағдайы туралы айтты.
"Бір өлімнен аман қалып отыр. Менің ойымша, соған шүкір деу керек. Себебі Руслан Берденов сияқты азамат - мыңнан бір. Руслан мырзаны сипаттайтын бір дүниені айтып берейін. Кеше ғана наркоздан шыққан адам бала-шағасын іздейді, ол "жұмысқа бару керек" деген әңгіме айтып жатыр", - деді ол.
Әкімдік маңындағы атыс туралы
21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды. Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Ал Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, Руслан Берденовке операция жасалған, өміріне қауіп жоқ.
"Шымкент қаласы әкімінің орынбасары оқ жарақатымен қалалық ауруханаға түсті. Оған шұғыл операция жасалды. Операция барысында қан кету тоқтатылды, зақым қалпына келтірілді. Өміріне қауіп жоқ", - деп жазылған хабарламада.
Мәліметке сүйенсек, оның жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Шенеунік дәрігерлердің тұрақты бақылауында және қажет медициналық көмекті алып жатыр.