Бір жылдан кейін 1 АҚШ доллары 552,5 теңге болуы мүмкін - ҚҚҚ

Кәмшат Тілеухан 14 қаң. 2025 11:53 749

Сарапшылар 1 АҚШ долларының бағамына қатысты алдағы бір айға неғұрлым оптимистік сипатта баға берсе, ал жылдық болжамды бағам, керісінше пессимистік сипатқа ие. Қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында сауалнама жүргізген Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы осылай дейді, деп жазады Dalanews.kz.

Қаржы нарығының кәсіби қатысушылары бір айдан кейін, яғни ақпан айының ортасында 1 АҚШ долларының бағамы 527,3 теңге болады деп болжайды. Бұған дейінгі сауалнамада аталған болжамды көрсеткіш 524,1 теңге деңгейінде көрсетілген. Ал бір жылдан кейін 1 АҚШ долларының құны 552,5 теңге болуы мүмкін (бұған дейін 545,2 теңге болады деп болжанған).

"Сарапшылардың ұлттық валюта бағамы бойынша болжамы осымен сегізінші ай қатарынан нашарлауда. Бұл ретте Ресейге қарсы санкциялық режимнің қатая түсуі және рубльдің әлсіреуі, дамушы елдердің тәуекелдік активтері мен экономикасындағы өтімділіктің неғұрлым қауіпсіз құралдарға ауысуы, мұнай бағасының төмендеу ықтималдылығы, болжамды импорт көлемінің ұлғаюы (инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру), Қазақстанның сыртқы борышы бойынша ірі төлемдер жасауы (биыл Қаржы министрлігінің еурооблигациялары бойынша 2,5 млрд долларға төлем жасалуы тиіс) сынды қауіп-қатерлер ескерілуде", делінген  Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының түсініктемесінде.

Алдағы жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 2024 жылмен салыстырғанда жоғары болады, - дейді сарапшылар: 8,6% орнына 9,4%.

"Бұл елдегі ақша-несие шарттарын қатаң сақтау қажеттілігіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме 14% -ды құрауы мүмкін", - дейді ҚҚҚ сарапшылары.

Айта кетсек,бүгін Ұлттық банк шетел валюталары айырбасы тәртібіне қатысты бірқатар өзгерістер енгізгелі жатқаны мәлім болды. Орталық банк әзірлеген құжат жобасына сәйкес, ақша айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша теңгеге шетел валютасын сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шегі АҚШ доллары үшін – 7 теңге, евро үшін – 10 теңге дейін белгілеу ұсынылады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар