2024 жылғы қарашадан бері Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауынан 2 194 өлі итбалықтың өлексесі табылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кейінгі деректерге сәйкес, 24 мамыр күні қоғам белсендісі әрі блогер Азамат Сәрсенбаев түсірілім тобымен бірге Форт-Шевченко қаласына барған кезде, жағалаудың небәрі бір шақырымдық бөлігінен елуге жуық өлі ересек итбалықты анықтаған.
“Бүгін Euronews телеарнасының түсірілім тобымен бірге Каспий теңізіндегі экологиялық ахуал туралы сюжет дайындауға келдік. Алайда жағалаудағы көрініс жан түршігерлік болды — небәрі бір шақырым аумақта 50-ден астам өлі ересек итбалық жатыр”, – деп жазды Сәрсенбаев әлеуметтік желіде.
Оның айтуынша, екі күн бұрын дәл осы аумақта жергілікті инспекторлар 160-тан астам итбалық өлексесін жинап, жойған.
Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің дерегінше, 20–21 мамыр күндері Форт-Шевченко маңындағы Түпқараған ауданында жүргізілген тексеріс кезінде ыдырау сатысындағы 117 итбалық өлексесі табылған. Мамандар бұл жануарлар 2023 жылғы қараша–желтоқсан айларында қырылуы мүмкін деген болжам келтіріп отыр.
Қазіргі таңда жағалауды бақылау жұмыстары жалғасып жатыр.