Алматыда полицейлер тыйым салынған заттардың жарнамасын таратудың кезекті жолын тоқтатты. «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 40 жастағы ер адамды ұстады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның жанынан есірткі жарнамасы және интернет-дүкенге сілтемесі бар 60 стикер, сондай-ақ ұялы телефон табылды. Барлық зат тәркіленді. Ұсталған ер адамның айтуынша, ол бір айға жуық уақыт бойы осындай стикерлерді жапсырып, еңбегіне тыйым салынған есірткі заттарын алып отырған. Сондай-ақ есірткі заттарын ұзақ уақыт бойы қолданғанын айтқан.
Енді тергеу барысында бұл жарнамалардың нақты қай жерлерге таратылғаны және оларды орналастыруды кім ұйымдастырғаны анықталады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәркіленген материалдар іске тіркелді. Ұсталған азамат қамауға алынды.
Полиция қала көшелері мен ғимараттардың қабырғалары есірткі саудасының жарнамасына айналмауы тиіс екенін ескертті.