Сонымен бірге ол мектептеріміздің бүгінгі ахуалына айрықша тоқталды. Сыныптарда оқушылар шектен тыс көп орналастырған, мектептердің материалдық-техникалық базасы мен санитарлық жағдайы бүгінгі талаптарға сай келмейді. Қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтық өте үлкен. Аз қамтылған мектептерді білікті педагогтармен қамтамасыз етудің жайы да мәз емес. Өйткені, мұғалімдердің еңбекақысы мардымсыз. Білім беру мекемелерінде оқушылардың қауіпсіздігін сақтау мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. Оқушылар арасындағы зорлық-зомбылықтың, өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқанын айтқан Президент бұл проблемаларды шешу үшін арнайы бағдарламалар дайындау қажеттігін баса айтты. Өз құзыреттеріне қарай жергілікті әкімдерге тиісті тапсырмалар беретінін назарға салды.
Президент білім сапасына тікелей әсер ететін тағы бір фактор – педагогтың мәртебесі мен кәсібилігі туралы ойларымен бөлісті. Әлемді жайлаған коронавирус індетіне байланысты жарияланған Төтенше жағдай мен карантин кезінде телеарналарда берілген бейне-сабақтар біздің мұғалімдеріміздің кез келген сый-құрметке лайық екенін көрсетті. Сондықтан мұғалімдерді моральдық және материалдық жағынан қолдау қажет деген Мемлекет басшысы үздік мұғалімдерді «Халық алғысы» және басқа да арнаулы медальдармен марапаттауды және ұстаздар қауымының еңбекақысын төрт жылда 2 есеге көбейтуді ұсынды.
Педагогикалық білім беруді модернизациялау оқу бағдарламасын жүз пайыз жаңартуды, оның ішінде IT – құзырлылық жөніндегі арнаулы модульды, сабақ берудің заманауи технологиялары мен әдістемелерін енгізуді талап етеді. Алдағы уақытта педагогикалық мамандықтар бойынша оқуға түсетін талапкерлерді мұғалімдік талантына қарай іріктеу жүйесі енгізіледі. Осы мәселелерді ескере келе Президент Қ. Тоқаев педагогикалық мамандықтарда оқитын студенттердің шәкіртақыларын 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін ұлғайту қажеттігін айтып, қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Сонымен бірге ол педагогтарды тек қана педагогикалық арнаулы жоғары оқу орындары ғана дайындау қажеттігіне, бұл салада ЖОО-лар арасында бәсекелестікті арттырудың маңыздылығына тоқталды.
Президент мектеп, балабақша, колледж директорларын тағайындауды жетілдіру, бұл жұмысқа талантты, білімді, адамгершілігі жоғары, өз елінің нағыз патриоты дейтін жастарды тарту, директорлардың аттестациясын жақсарту жолдарына тоқталды. Балаларды балабақшалармен қамту, жастарға техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мәселелері де назарға алынды. Қ. Тоқаев елімізде Төтенше жағдай енгізілген кезде пайдаланылған қашықтықтан оқыту жүйесін одан әрі жетілдіріп, кез келген сынаққа дайын тұру қажеттігін ескертті.
Мемлекет басшысы оқулықтарды цифрлы форматқа көшіруді тездетуді тапсырды. Қазіргі қолданыста жүрген оқулықтардың сапасы сын көтермейтіндіктен, алдағы уақытта сапасыз оқулық үшін автор мен баспаны жауапкершілікке тартуды заңдастыру керектігін басып айтты. Міне, өзіңіз-ақ ойланып қараңызшы, көптен бері бүкіл елді толғандырып келген осыншама қордалы мәселелердің түйінін Мемлекет басшысының бір-ақ мезетте шешіп беруі Президенттің сергектігінің көрінісі емес пе?! Оның қырағы көзінен жоғары оқу орындарының жағдайы да тыс қалмағаны бізді қуанышқа бөледі. «Біз «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында мұғалімдерді ынталандыру шараларын қарастырдық, – деді Қ. Тоқаев. – Бірақ іс жүзінде жоғары оқу орны оқытушысының жалақысы мұғалімнің жалақысынан аз боп қалды. Осыған орай Үкімет ЖОО оқытушыларының еңбекақысын көбейту мәселесін қарастыруы керек». Осылай деген Президент мұны мемлекеттік гранттардың құнын арттыру арқылы жүзеге асыруға болатынын да ескертіп өтті. Міне, ниет болса орындалмайтын нәрсе болмайтынын осыдан-ақ аңғарғанымыз абзал.
Шын мәнінде, ЖОО-ларда қордаланып қалған проблемаларды күнделікті жұмыс барысында өз басымыздан өткеріп те жүрген жайымыз бар. Университеттердің материалдық-техникалық базалары талап деңгейінен көп төмен, оқытушылар мен студенттердің жағдайлары да ерекше көңіл бөлуді қажет етеді, жатақханаларда орын жетіспейді. Тағы бір айта кетерлік нәрсе, студенттерге бөлінетін мемлекеттік грант 2011 жылдан бері әлі бір тиынға өспеген. Грант әрбір шәкіртке 340-420 мың теңгеден ғана айналады. Бұл бүгінгідей инфляция жағдайында тым мардымсыз қаражат. Осы мәселені дөп басқан Президент бұдан былай грантты 3 есеге дейін көбейту, яғни 1 млн теңгеге дейін жеткізу туралы шешім қабылданғанын, осы арқылы оқытушылардың жалақысын кезең-кезеңімен арттырып, университеттердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қол жеткізілетінін айтты. Бұл ЖОО оқытушыларының сенімі мен үмітін оятты. Алдағы бес жылда студенттер үшін 90 мың орындық жатақханалар салынатыны да білімгерлерді қуантты. Бүгінде біздің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде де жатақхана өзекті мәселеге айналып отырғаны белгілі.
Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін қазақстандық 10 жоғары оқу орнын әлемнің ең үздік 500 университетінің қатарына енгізуді министрлікке тапсырды. Жоғары білім сапасының басты көрсеткіші – осы. Бұл межеге жету үшін ЖОО-ларда қосдипломды бағдарламаны дамыту, студенттер мен оқытушылардың сыртқы және ішкі академиялық ұтқырлығының әртүрлі формасын енгізу, Қазақстан жоғары оқу орындарында шетелдік атақты университеттердің кампустарын ашу қажеттігін айтып, Президент көп мәселенің шешімін тауып берді. Жоғары білімге қол жетімділікті арттыру үшін гранттарды бөлу кезінде табысы аз отбасылардан шыққандарды және басқа да әлеуметтік категорияларға жататындарды ескеру қажет. Мемлекеттік тілді оқыту тиімділігін арттыру кезек күттірмес міндет болып табылатынын ескерткен Қ. Тоқаев бұдан кейін отандық ғылымды дамыту үшін ғылыми кадрлар даярлауды жақсартуға жол ашылатынын, бұл үшін жыл сайын қазақстандық 100 ғалымды әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамалардан өткізуді, докторанттарға бөлінетін гранттар құнын арттыру арқылы оларға төленетін степендияны 150 мың теңгеге дейін көтеруді ұсынды. Жас ғалымдарға бөлінетін гранттарды алдағы 3 жылда 3 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Осыған байланысты ғалымдардан талап етер жауапкершілік те ұлғая түспек. Президент білім мен ғылымға қатысты осы және бұдан басқа да өзекті мәселелер бойынша Үкімет пен Білім және ғылым министрлігіне тиісті тапсырмалар берді.
Қысқасы, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті мәжілісіне білім мен ғылым және денсаулық сақтау мәселесін арнайы қойып, бұл жөнінде өз бағдарламасын ұсынуы ел өміріне үлкен серпіліс туғызып, халықтың билікке деген сенімін арттыра түскені анық. Елдің экономикасы мен әлеуметтік жағдайы білім мен ғылымға тікелей байланысты екенін ескерсек, аталған салалардың шапшаң және әлемдік деңгейде дамуы Қазақстанның ертең-ақ гүлденген мемлекетке айналарына сенімімізді арттырады. Президент сөзі жалпылама емес, нақтылы да нәтижелі сөз. Оның бағдарламалық сөздерінде еліміздің келешек көкжиегі айқын көрініс тапқан.
Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары мен барлық қызметкерлері Мемлекет басшысының сенім кеңесінде сөйлеген сөздерін қанағаттанғандық сезімімен қарсы алып, өз міндеттерін зор жауапкершілікпен атқаруға құлшынулы.
Такир БАЛЫҚБАЕВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, профессор