Депутат Наталья Дементьева Мәжіліс отырысында қазіргі білім беру жүйесін сынады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, әу баста Kundelik.kz платформасы оқушылар мен мұғалімдер арасындағы байланысты жеңілдетуге, білім сапасын арттыруға бағытталған құрал ретінде енгізілген. Десе де, депутаттың пікірінше, қазір бұл платформа өз миссиясынан ауытқып, мұғалімдердің негізгі кәсіби функциясы - сабақ беру мен бала тәрбиесі екінші орынға ысырылып, қосымша есеп пен формализмге айналып кеткен.
"Цифрлық трансформацияның мақсаты уақытты үнемдеу және тиімділікті арттыру екені баршаға мәлім. Бірақ бұл тұрғыда ол мұғалімдер үшін қосымша жүктеме болып отыр. Мысалы аптасына 25 сағаты бар мұғалім Kundelik.kz-те күніне 1-1,5 сағат уақыт жұмсауына тура келеді. Яғни күнделікті тақырыптық жоспар жасау, үй тапсырмаларын қадағалау, бағалау және оқушының түсінгенін талдау жұмыстарын электрон күнделікке енгізу қосымша уақытты талап етеді. БЖБ және ТЖБ кезінде бұл жұмыстың көлемі екі есе артатыны айтпаса да түсінікті. Салдарынан мұғалімнің сабаққа дайындалатын уақыты қысқарады", - деді Дементьева.
Халықаралық ұйымдардың бағалауынша, Қазақстанда мұғалімдердің апталық жүктемесі орта есеппен 36 сағат болса, оның тек 23 сағаты сабаққа жұмсалады, ал қалған бөлігі дайындық, тексеру, есеп және әкімшілік жұмысқа кетеді. Мұғалімдердің шамамен 25 пайызы артық әкімшілік жүктемені стресс көзі деп санайды.
"Білім беру саласындағы парадокс - қағазбастылықтан арыламыз деп жүріп мұғалімдерді цифрлық есепке байлап қойдық. Бастапқы идея қандай еді?! Мұғалімді артық есептен босатып, оның уақытын оқушыға бағыттау болды. Нәтижесінде қағаз азайды, бірақ есеп беру саны азаймады, еркіндік артпады, керісінше бақылау күшейді", - деді ол.
Наталья Дементьева Үкіметтен Kundelik.kz платформасын қайта қарауды сұрады. Сонымен қатар, платформада оқыту процесіне қажет деректі қалдыру маңызды екенін мәлімдеді.
"Қазақстандағы қазіргі жүйеде мұғалім педагог емес, операторға айналып, сабақ сапасы емес, журнал толтыру сапасы бағаланады", - деп түйіндеді ол.
