Қазақстандағы Daryn.online білім беру платформасының пайдаланушыларына қатысты ауқымды деректердің тарағаны туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Даркнет форумдарының бірінде жарияланған мәліметке сәйкес, белгісіз қолданушы 4,2 миллион жазбадан тұратын деректер базасы өзінде бар екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, базада платформаның оқушылары, мұғалімдері мен әкімшілеріне қатысты мәліметтер болуы мүмкін.
Жарияланған сипаттамаға сәйкес, базада пайдаланушылардың аты-жөні, телефон нөмірі, электрондық пошта мекенжайы, ЖСН-і, туған күні, жынысы, жүйедегі рөлі, сондай-ақ оқу үлгерімі туралы ақпарат – бағалары, рейтингтері және өткен сабақтарының саны қамтылған болуы ықтимал.
Сонымен қатар техникалық деректердің де болғаны айтылған. Атап айтқанда, bcrypt форматында хэштелген құпиясөздер, соңғы пайдаланылған IP-мекенжайлар, пайдаланушылардың, мектептердің және өңірлердің ішкі идентификаторлары көрсетілген. Егер бұл ақпараттың шын мәнінде Daryn.online платформасына қатысы расталса, онда әңгіме жай ғана жиналған деректер туралы емес, жүйенің дерекқорынан құрылымдық түрде көшірілген мәліметтер жөнінде болуы мүмкін.
Daryn.online платформасының мәліметінше, бұл ескі ақпарат. Ол алғаш рет 2025 жылдың желтоқсанында жарияланған. Осыдан кейін Daryn.online ақпараттық жүйелері уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен толық тексеруден өтті. Тексеру нәтижесінде пайдаланушылардың жеке деректерінің тарап кеткені расталмаған.
Компания мәліметінше, қазіргі уақытта қайта таралып жатқан ақпарат ескі материалдарға негізделген және шындыққа сәйкес келмейді.