Ресейдің Бурятия Республикасында әйел мұрнындағы түйінді кәдімгі безеу деп ойлап, сығып тастаған. Алайда жазылмаған жараның кейіннен терінің қатерлі ісігі екені анықталып, науқасқа күрделі ота жасау қажет болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жергілікті денсаулық сақтау мекемесінің мәліметінше, әйелдің мұрнында биыл сәуір айында кішкентай безеуге ұқсас түзіліс пайда болған. Ол оны өздігінен сығып тастаған, алайда жара жазылмай, керісінше үлкейе бастаған.
Бірнеше аптадан кейін ғана науқас Бурятия республикалық клиникалық онкологиялық диспансеріне жүгінген. Дәрігерлер жергілікті жансыздандыру арқылы түзілісті ашып, іріңді өзегін алып тастап, тін үлгісін гистологиялық зерттеуге жіберген.
Арада 10 күн өткен соң зерттеу нәтижесі әйелде терінің жалпақ жасушалы обырының (плоскоклеточный рак кожи) екінші сатысы бар екенін көрсеткен.
Алайда диагноз қойылғаннан кейін де науқас бірден ем қабылдауға кіріспеген. Осы уақыт ішінде түзіліс ұлғайып, қанап, қатты ауырсыну тудырған. Ауырсыну көз бен басқа таралып, әйел тек ауырсынуды басатын дәрілердің көмегімен жүрген.
Кейін тыныс алуы қиындап, жаққан жақпамайлары әсер етпеген соң ғана ол қайтадан онкодиспансерге барған. Онда толық тексеруден өтіп, ауруханаға жатқызылған.
Дәрігерлердің айтуынша, ісік уақыт өте келе мұрынның пішінін өзгертіп жіберген. Сондықтан енді науқасқа ісікті алып тастау ғана емес, мұрынның пішіні мен қызметін қалпына келтіруге бағытталған екі кезеңді реконструктивті-пластикалық ота жасалады.
Мамандар қатерлі ісіктер өздігінен жазылмайтынын еске салып, терідегі кез келген күмәнді түзіліс ұзақ уақыт жазылмаса немесе көлемі ұлғайса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет екенін айтады.
Дәрігерлердің сөзінше, ауру неғұрлым ерте анықталса, оны толық емдеп шығу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.