Құттықтау хатының мәтіні ұйымның ресми сайтында жарияланды.
Құрметті отандастар!
Қазақстан халқы Ассамблеясы cіздерді мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтайды!
Ата Заңымыз – Қазақстан халқының еркіндігінің және еліміздің ең қымбат қазынасы адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде қалыптасқандығының көрінісі.
Биыл бұл мереке Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен астасып, ерекше символизм мен терең мағынаға ие болып отыр.
Қазіргі тәуелсіз Қазақстанның алған асулары, мінсіз мемлекеттік құрылымы, ашық нарықтық экономикасы, бүкіл әлем мойындап отырған бейбітшіл саясаты – біздің Конституцияның қол жеткізген тарихи нәтижесі екені даусыз.
Конституция жалпыұлттық бірлікті, этностар арасындағы татулықты, достық пен келісімді нығайту жөніндегі мемлекет пен қоғам жұмысының іргелі негіздерін айқындап, этностық қатыстылығына қарамастан азаматтардың құқықтарын бекітіп, тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ететінін атап өту маңызды.
Бұл постулаттардың барлығы еліміздің қарышты дамуының негізіне айналды, барлық жоспарланған реформаларды бірлесе табысты жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Ардақты ағайын!
Біз Ата Заңымызда айтылған мемлекеттіліктің қазақстандық негіздері мен азаматтық қағидаттарымызды қорғауға және табысты дамудың, бірлік пен келісімді нығайтудың кепілі ретінде оның нормаларының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуге шақырамыз.
Конституция күні әрқашан патриотизмнің символы және Отанға деген сүйіспеншілігіміздің жарқын көрінісі болсын!
Баршаңызға мықты денсаулық, табыс, ынтымақ және бақ-береке тілейміз!
Қазақстан халқы Ассамблеясы