Жетісуда бүгін облысы әкімі Бейбіт Исабаевтың қатысуымен кәсіби мерекелері қарсаңында медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Салтанатты іс-шара аясында үздік 30-ға жуық медицина қызметкеріне ведомстволық наградалар, құрмет грамоталары мен облыс әкімінің алғыс хаттары табыс етілді, – деп хабарлайды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мереке иелеріне отандық медицинаның дамуына қосқан зор еңбегі мен елеулі үлесі үшін ізгі тілегін білдірген Бейбіт Исабаев денсаулық сақтау жүйесінің даму деңгейіне және қызмет көрсету сапасына тікелей әсер ететін негізгі міндеттерге, яғни инфрақұрылымды дамытуға, медициналық мекемелерді заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету ісіне егжей-тегжейлі тоқталып, мамандарды қолдау шараларын атап өтті.
Мәселен, облыста алғаш рет аса тапшы мамандарға біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Ауылдық жерлерге жұмысқа келген мамандар 10 млн. теңгеден, ал қалалық медициналық мекемелерге келгендер 5 млн. теңгеден алады. Бұл биылғы жылдың 1 қаңтарынан енгізіліп отыр.
Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін соңғы екі жылда жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңге бөлінді. Соның арқасында медициналық ұйымдарды қажетті заманауи құралдармен жабдықтау деңгейі 93%-ға дейін жеткен.
– Денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы биыл 92,3 млрд теңгеге жетіп отыр. Жаңа нысандар тек облыс, аудан орталықтарында ғана емес, шалғай ауылдарда да салынып жатыр.
Инфрақұрылымды дамыту аясында 2022 жылдан бастап облыста 40-қа жуық медициналық жаңа нысан пайдалануға берілді, ал биыл 94 нысан іске қосу жоспарланған, соның 59-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынады.
Сондай-ақ, ауылдарда «қадамдық қолжетімділіктегі» алғашқы медициналық-санитарлық көмек желісін кеңейту үшін 27 блок-модульдік медицина нысаны орнатылады, бұл ретте 2022 жылы 12, 2024 жылы 22 осындай БМК салынып, іске қосылған болатын. Облыс құрылғалы бері күрделі құрылысы бар, БМК бар, бәрін қоса алғанда 130-дан астам медициналық нысанды іске қостық. Бұған дейін медицина саласында мұндай көлемдегі құрылыс болған емес, - деген Б. Исабаев мереке күні қажырлы еңбектері үшін медицина қызметкерлеріне шын жүректен ризашылығын білдіріп, марапаттау рәсімін атқарды.
Сонымен қатар өңірдің үздік 30-ға жуық медицина қызметкері ведомстволық наградалармен, құрмет грамоталарымен және облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Мқнан соң Талдықорған қалалық 2-ші емхананың гинеколог дәрігері Света Бекбергенова әріптестерін мерекемен құттықтап, облыста медицина саласына көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін алғыс білдірді.
Салтанатты іс-шара өңір өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты.
Жалпы облыстың денсаулық сақтау саласында 8 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Өткен жылы 3,1 млрд. теңгеге 300 бірлік медициналық техника және 29 бірлік санитарлық автокөлік сатып алынды, ал биыл бұл мақсаттарға 4,7 млрд. теңге қарастырылды. Жыл сайын 60 маманның резидентурада оқуына қаражат бөлінеді. Біліктілікті арттыру үшін өңірдің медицина мамандары әлемнің, соның ішінде Түркия, Германия, Ресейдің озық клиникаларына тағылымдамадан өтуге жіберіледі.