Бейбіт шеру өткізуге қатысты жаңа заң қабылданады

Dalanews 20 жел. 2019 09:38 874

Нұр-Сұлтанда Қоғамдық сенім Ұлттық кеңесінің отырысы өтіп, алқалы басқосуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шеру өткізуге қатысты жаңа заң әзірленетінін алға тартты.  

Қазақстан Президенті өзінің кіріспе сөзінде бірқатар проблемалық мәселелерді көтерді, оның ішінде митингілер тақырыбы да бар.

– Біз Конституциямызға сәйкес митингілер туралы хабарлау қағидасын енгізуді бастауымыз керек. Егер олар заң бұзбаса, қоғамдық тәртіпті бұзбаса және азаматтардың тыныштығына кедергі жасамаса, митингілерге рұқсат етіледі, –  деді мемлекет басшысы.

Одан бөлек, Тоқаев қоғамдық санаға митингілер мәдениетін сіңіретін уақыт келді деп атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, митингілер – бұл тек құқық қана емес, жауапкершілік.


–  Бейбіт жиналыстар туралы заң жобасы жасалды. Бұл қолданыстағы заңға енгізілген өзгерістер туралы ғана емес, бейбіт жиналыстардың барлық түрлерін ұйымдастыру мен өткізуді реттейтін тұжырымдамалық жаңа заң, –  деді Тоқаев.

Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қоғамдық сенім Ұлттық кеңесінің отырысы басталғаны хабарланды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар