Абай облысында Бестерек ауылында болған жол-көлік оқиғасына қатысты резонансты сот процесі аяқталды. Аталған істе автокөлік астында қалған алты баланың төртеуі қаза тапқан. Сот 55 жастағы жүргізушіні кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот үкімімен айыпталушы Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі«Жол қозғалысы қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» бойынша кінәлі деп танылды.
Оған 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазаны ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда өтеу белгіленді. Сонымен қатар сот жүргізушіні 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды.
Судьяның түсіндіруінше, айыпталушының кінәсі сот барысында толық дәлелденген. Жеңілдететін мән-жай ретінде оның кәмелетке толмаған баласының бар екені және кінәсін толық мойындауы ескерілген. Ал қылмысты жас балаларға қатысты жасауы — ауырлататын мән-жай деп танылған.
Бұдан бөлек, сот айыпталушыны жәбірленушілерге моральдық және материалдық шығынды өтеуге міндеттеді.
Апат салдарынан екі жасар ұлынан айырылған Ернар Бұланбаев пен оның жұбайына сот әрқайсысына 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы тағайындады.
Ал жол апатында үш баласынан айырылған Таңшолпан Каримова мен оның жұбайына әрқайсысына 15 миллион теңгеден моральдық зиян өтемі белгіленді. Сонымен қатар 336 мың теңге материалдық шығын және әрқайсысына 200 мың теңгеден өкілдік шығын өндіру шешілді.
