Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі қазақ күресінің өсіп, өркендеуіне барынша қолдау көрсетіп келеді. Мұндай айтулы спорттық шаралар Шығыста облыс орталықтарын былай қойғанда аудан, ауылдарда жиі ұйымдастырылып жатқанын спортсүйер қауым жақсы біледі.
Бесқарағай ауылындағы Орталық стадионда белдесіп, бақтарын сынау үшін еліміздің 14 облысынан 40 палуан қатысқанын айта кетуіміз керек. Олардың арасында «Қазақстан барысы» атағын қанжығасына байлаған Айбек Нұғмаров, Мұхит Тұрсынов, Бейбіт Ыстыбаев бастаған мықты палуандарымыз бар.
Спорттық шараны аудандағы кәсіпкерлер, ардагерлер мен қоғам қайраткерлері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсетілген «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырып, іске асырғанын естеріңізге сала кетеміз. Осылайша шараны ұйымдастырушылар халық арасынан талантты жастардың жарқырап көрінуіне жол ашып отыр. Өз кезегінде аудандағы кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аталған шараға бір кісідей атсалысып, қолдау білдірген.
Жалпы алғанда жер-жерде қазақ күресін дамыту арқылы өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті оятып, Елбасы атап өткен рухани жаңғыруға ұмтылудың маңызы зор. Сондықтан Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастырған бұл шара өзге облыстарға үлгі боларлық бастама десек артық айтқандық болмас.
Бесқарағай ауданы тұрғындарының қызығушылығын оятқан шара барысында «Батамен ел көгерер» деген театрландырылған көрініс ұйымдастырылып, жиналған қауымға ән-жырдан шашу шашылды. Өз кезегінде бесқарағайлық жастар «ЭКСПО-2017», «Спорт» және «Бір шаңырақ астында» деген тақырыптар аясында флешмоб ұйымдастырып, халықтың көңіл-күйін көтерді.