Берік Уәли Хорватияның елшісімен кездесті

Ақтоты Жапатова 15 сәу. 2025 16:33 369

Абай облысының әкімі Берік Уәли Хорватия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рефик Шабановичпен кездесті, деп хабарлайды Dalanews.kz

Бүгінде Қазақстан мен Хорватия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жылдан асты. Соңғы жылдары туризм, білім беру және логистика салаларында әріптестік кеңейіп келеді.

Кездесу барысында елші жақында Астанада үлкен бизнес форум өтетінін айтып, Абай облысының кәсіпкерлерін сол шараға қатысуға шақырды. Форумға екі елдің салалық министрліктері мен бизнес қауымдастықтары қатысады деп жоспарланып отыр.

Құрметті қонақ Хорватияның көлік, фармацевтика, ІТ саласында әлеуеті зор екенін атап өтіп, өңірде бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша ұсыныстарын жеткізді.

«Қазақ елімен барлық салада ынтымақтастығымызды кеңейткіміз келеді. Алматы қаласында біздің мемлекеттің бірнеше фармацевтикалық компаниясы бар. Сіздердің тараптан қолдау болса осындай бір компанияны Абай облысында ашқымыз келеді. Басқа да салаларда бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз», - деді Рефик Шабанович.

Аймақ басшысы елшіге өңірге арнайы келгені үшін алғыс білдіріп, облыс әкімдігі барлық салада бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін айтты.

«Құрметті елші мырза, Абай еліне қош келдіңіз. Сіздің біздің елімізде ұзақ жылдар жұмыс істеген, ең тәжірибелі елші екеніңізді жақсы білемін. Екі елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық қарым-қатынасын нығайтуға қосып жатқан үлесіңіз зор. Кездесуде айтқан ұсыныстарыңызды қуана қабыл аламыз. Салалық басқармаға тиісті тапсырма беремін. Біздің өңірге жаңа жобалар өте қажет. Бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деді облыс әкімі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар