Берік Уәли Тәлмен өзеніндегі көпір мәселесін бақылауға алды

Ақтоты Жапатова 05 мам. 2025 11:19 217

Абай облысының әкімі Берік Уәли Көкпекті ауданына жұмыс сапары барысында «Көкпекті-Самар-Васильев өткелі» бағытындағы Тәлмен өзенінен өтетін көпірдің жағдайымен танысты,-деп хабарлайды Dalanews.kz

Көпір облыстық маңыздағы жолда, елді мекеннен 29 шақырым қашықтықта орналасқан. Ұзындығы – 68 метр, жүру бөлігінің ені – 8,5 метр, бір жақты жаяу жүргіншілер жолағы да қарастырылған.

Былтырғы көктемдегі су тасқыны кезінде көпірдің төменгі бөлігін су шайып, жарық пайда болған.

Биылғы наурыз айында 392 тонна тас жеткізіліп, көпірдің тіреуіштері күшейтілді. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында салмағы 8 тоннадан асатын ауыр жүк көліктеріне уақытша шектеу қойылған.

Аудан әкімі аймақ басшысына көлік өткеліне тұрғындар тарапынан шағым көп түсетінін жеткізіп, жөндеу жүргізуге көмек көрсетуді сұрады.

Облыс әкімі көпір мәселесіне қатысты тиісті шешім қабылданатынын айтты.

«Бұл көпір Көкпекті ауданын Шығыс Қазақстанмен байланыстырады. Ауданның үш ауылының тұрғындары осы өткел арқылы қатынайды. Нысанды жөндеу мәселесін қарастырамыз», - деді аймақ басшысы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар