Белгілі PR маманы Қазақстан үкіметі Тик-токқа қатысты ұстанымын қатаңдатады деп санайды

Кәмшат Тілеухан 08 қаз. 2024 12:47 1189

Белгілі PR маманы Айбар Олжаев Қазақстан үкіметі Тик-токқа қатысты ұстанымын қатаңдатады деп санайды. Ол Қазақстан билігі өзінің Тик-токқа деген позициясын жаңа жылға таман нақтылауы мүмкін деп болжайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
"Кез-келген ақпараттық хабардың өзінің астары, жасырын сигналы болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы мәлімдемесінде "жастар алтын уақытын телефонға үңіліп өткізбей, оны анағұрлым пайдалы іске жұмсаса" деген месседж болды. Және оның Тик-токқа қатысы бар екенін түсіну керек. Соңғы суицидтер мен Тик-ток арасындағы корреляция байқалса, әрине, онда дискуссия жаңа бағытта қызатыны анық" деп жазады Айбар Олжаев Facebook-тегі парақшасында.
 
Оның айтуынша, Тик-ток әуселесін биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі тексеріп көрді, артынан Мәжіліс депутаттары арқылы бұл тақырып күн тәртібіне қоя басталды. Мемлекет басшысы да жастардың уақытына қатысты алаңдаушылық білдірді.
 
"Демек, Қазақстан Тик-ток мәселесін біржолата шешуге ақырындап бара жатыр. Түбегейлі жабу болмаса да, нақты бір регуляторлық ұсыныстар беріліп, Тик-ток тек соны толық қабылдаған жағдайда ғана оған жұмыс істеуге рұқсат беру форматы таңдалуы мүмкін", - дейді тағы ол.
 
Тик-токтың өзі не дейді?
 
Қазақстандағы Тик-ток биылғы жылдың басынан бастап 13 жастан төмен балалардың 2,1 миллион аккаунтын жапқанын және балалардың қауіпсіздігіне негізінен ата-аналары жауап беруі тиіс екендігін хабарлады.
 
Тик-токпен не істеуге болады?
 
Тик-ток платформа ғана. Олар видео түсірмейді, контент жасамайды. Басты фишкасы оның контент көрсететін алгоритмінде. Бірақ оның барлығы автоматты түрде жүретіндіктен, Тик-ток не шығып, не көрсетіп жатқандығын бақылаудан шығарып алған.
 
Бұл сауалдарға осылай жауап берген Айбар Олжаев егер Тик-ток Қазақстанда қалғысы келсе, оған мемлекеттік премодерация моделін ұсынуға болатынын айтады.
 
"Яғни Тик-ток қазақша білетін, Қазақстан азаматы болып табылатын жүзге жуық адамды арнайы модератор тобы ретінде жұмысқа алуы тиіс. Олар Қазақстан аумағында көрсетілуі мүмкін видеоларды қарап, оларды ары қарай жіберіп, не жібермей іріктеп отыруы керек. Мысалы, сіз Тик-токта видео түсірдіңіз де салдыңыз. Бірақ ол алдымен модераторларға түседі. Модераторлар 5-10 минуттың ішінде оны қарап, ары қарай жібереді. Сол кезде ғана видео тик-токта көрсетіле бастайды. Мәдениет және ақпарат министрі Aida Balayeva осындай мәселелерді платформа басшылығымен ақылдасатыны анық", деп жазады сарапшы.
 
Тик-токтың қазақ экономикасына әсері қандай?
 
"Мемлекеттік кірістер комитетінің маған ұсынған мәліметіне сай, Тик-ток 2023 жылы біздің бюджетке 1,16 миллиард теңге салық төледі. Бұл жөнінен Тик-Ток ақырындап Мета корпорациясына жетіп қалды. Цукерберг 2023 жылы бізге 2,76 миллиард теңге салық әкелген еді. Ал биылғы жылдың басынан бастап Тик-Ток 892 миллион теңге, ал Мета 964 миллион теңге салық төлеген. Общым, Тик-ток кетсе бізге жылына 1-2 миллиард теңге түсім келмейтін болады. Бұл әрине, қатты бір қиналатындай жағдай емес", делінген жазбада.
 
Тик-ток электронды саудаға қалай әсер етуде?
 
2023 жылы Қазақстандағы электронды сауда көлемі 2,4 триллион теңгеге жетті. Оның негізгі бөлігін халықаралық маркетплейстер қамтамасыз етіп отыр. Атап айтқанда, Алиэкспресс, Пиндуодо, Вайлдберриес, Озон, Каспи мен Тему. Қазір биылдан бастап қатты өсіп жатқаны Пиндуодо мен Вайлдберриес.
 
"Бірақ оның ішінде Тик-токтың үлесі жоқ немесе мардымсыз деп айта аламыз. Тик-ток бағыты бөлек болғандықтан оның саудағы әсері бойынша статистика бермейді. Бұл бойынша тик-ток арқылы тауар сататын блогерлер индустриясы пайда болған Қытаймен салыстыруға келмейді. Бізде бұл бағыт әлі пайда болған жоқ. Сонымен, Тик-ток қазаққа керек пе, керек емес пе деген мәселеде біз оның тек платформа екенін ескеруіміз керек. Тик-ток кетсе инстаграм рилс тура соның орнын басатын болады. Сондықтан әңгіме контент пен оның модерациясы мен іріктелуінде. Барлығы Қазақстанның өзіне байланысты. Біз қалай бассақ, Тик-ток солай иілуге дайын. Тек біздің қолымыз тимей жатыр ма, әлде бұл проблеманы әлі маңызды деп санай қоймадық па, оған қатысты үлкен жұмыс топтары әлі жұмыс істей қоймады", деп түйіндепті өз жазбасын белгілі PR маманы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар