Белгілі ММА шебері Қуат Хамитов жауапқа тартылды

Белгілі ММА шебері Қуат Хамитов жауапқа тартылды
Фото: instagram

Қазақстандық ММА файтері Қуат Хамитов Атырауда түсірілген даулы видеодан кейін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полицейлер спортшыны және видеоға қатысқан өзге адамдарды жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны үшін айыппұл салған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырған кадрлар Instagram желісіндегі afishi_atyrau парақшасында жарияланған. Видеода қыздың Әбілқайыр хан даңғылымен қозғалып келе жатқан көліктің терезесінен денесін шығарып, файтермен амандасқаны көрінеді. Ал Қуат Хамитов көлікті қауіпсіздік белдігін тақпай басқарған.

Ролик 23 мамыр күні өтетін Batyr Fighting Championship турнирінің жарнамасы ретінде түсірілген. Аталған турнирде Қуат Хамитов ирандық Али Хейбатимен жекпе-жек өткізуі тиіс. Алайда желі қолданушылары мұндай «креативті» қолдамай, жол ережесін бұзғандарды жазалауды талап еткен.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі әлеуметтік желідегі жарияланымға байланысты тексеру жүргізілгенін хабарлады.

Тексеру нәтижесінде Toyota Camry көлігіндегі 24 және 22 жастағы жолаушылар қауіпсіздік белдігін тақпағаны және көлік салонынан денесін шығарғаны үшін жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар аталған көлікті басқарған 20 жастағы жүргізушіге де әкімшілік шара қолданылған.

Әкімшілік жауапкершілікке 38 жастағы Қуат Хамитов та тартылды. Ол Mustang маркалы қымбат көлікті қауіпсіздік белдігін тақпай басқарған.

Сондай-ақ Mustang автокөлігінің 38 жастағы жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тәртіп сақшылары барлық жүргізуші мен жолаушыны жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырып, заң бұзушылық үшін жаза міндетті түрде қолданылатынын ескертті.