Базалық мөлшерлеме 16,25%-ға дейін төмендеді: бұл қазақстандықтардың несиесі мен депозитіне қалай әсер етеді?

Базалық мөлшерлеме 16,25%-ға дейін төмендеді: бұл қазақстандықтардың несиесі мен депозитіне қалай әсер етеді?
ЖИ: Dalanews.kz

4 қыркүйекте Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені бірден 50 базистік тармаққа төмендетіп, 16,75%-дан 16,25%-ға түсірді. Бұл шешім халық пен бизнес үшін банк өнімдерінің құны біртіндеп өзгеруі мүмкін екенін білдіреді: несиелер арзандай бастауы ықтимал, алайда депозиттердің табыстылығы да төмендеуі мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Неліктен Ұлттық банк мұндай шешім қабылдады, мөлшерлеме алдағы уақытта тағы төмендей ме және бұл өзгерістер қазақстандықтардың несиесі мен жинағына қалай әсер етеді? Осы сауалдарға Qazaq Expert Club мүшесі, қаржы сарапшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Айгерім Ілиясова жауап берді.

Сарапшының айтуынша, 2026 жылдың тамызында инфляция деңгейінің психологиялық маңызды 10 пайыздық межеден төмен түсуі базалық мөлшерлемені 50 базистік тармаққа азайтуға негіз болған.

«2026 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлеме кезең-кезеңімен 16%-ға дейін төмендеуі мүмкін деген болжам бар. Ұлттық банктің оны 16,75%-дан 16,25%-ға дейін қысқарту туралы шешімі осы болжамдарды растайды», – дейді Айгерім Ілиясова.

Сонымен қатар сарапшы қазіргі 16–17 пайыз деңгейіндегі базалық мөлшерлеме экономика үшін ұзақмерзімді тепе-тең көрсеткіш емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, бұл – экономикалық өсімді баяулатуы мүмкін дағдарысқа қарсы шаралардың бірі.

Алайда 4 қыркүйекте Ұлттық банк инфляциялық тәуекелдердің күшеюі және 2027 жылға арналған болжамдардың қайта қаралуына байланысты мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі екенін мәлімдеген.

Инфляцияға тек базалық мөлшерлеме әсер етпейді

Айгерім Ілиясова Қазақстандағы инфляция деңгейіне базалық мөлшерлемеден бөлек бірқатар маңызды факторлар ықпал ететінін айтты.

«Базалық мөлшерлеме көтерілсе, несиелер қымбаттайды, тұрғындар мен компаниялар қарыз алуды азайтып, қаражатты депозитте көбірек сақтайды. Соның нәтижесінде тауарлар мен қызметтерге сұраныс төмендеп, бағаға түсетін қысым азаяды. Бірақ Қазақстан жағдайында инфляцияға басқа да факторлар әсер етеді», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, ең алдымен Қазақстан тұтыну құрылымында импорттық тауарлардың үлесі жоғары болғандықтан, шетел валюталарының теңгеге шаққандағы бағамы баға деңгейіне тікелей әсер етеді.

Бұдан бөлек, инфляцияға коммуналдық қызмет тарифтері, азық-түлік өнімдері мен жанар-жағармай бағасы айтарлықтай ықпал етеді. Бұл тауарлар мен қызметтерге сұраныс тұрақты болғандықтан, баға өскен жағдайда да халық оларды тұтынуды тоқтатпайды.

Сарапшы банктер де базалық мөлшерлеме өзгергеннен кейін несие мен депозит мөлшерлемелерін бірден қайта қарамайтынын еске салды.

«2030 жылға дейінгі ақша-кредит саясаты стратегиясында базалық мөлшерлеменің экономикаға несие арнасы арқылы әсері шамамен алты ай ішінде байқалатыны көрсетілген», – дейді ол.

Несие арзандай ма?

Маманның пікірінше, базалық мөлшерлеменің төмендеуі қарыз алушылар үшін несиелердің бірден арзандайтынын білдірмейді. Қазіргі деңгейде банк несиелерінің мөлшерлемесі біртіндеп төмендеуі мүмкін, бірақ олар әлі де жоғары болып қала береді.

Бұл ақша-кредит саясатының негізгі тетіктерінің бірі саналады. Ұлттық банк жоғары базалық мөлшерлемені сақтай отырып, несие беру көлемі мен тұтынушылық сұранысты тежеуге, сол арқылы инфляциялық қысымды азайтуға тырысады.

Қазір несие алған дұрыс па, әлде күткен жөн бе?

Айгерім Ілиясованың айтуынша, бұл сұрақтың жауабы несиенің мақсаты мен түріне байланысты.

«Шешім қабылдағанда несие арқылы қажетті затты немесе қызметті қазір алудың пайдасын және қарыз бойынша артық төлем көлемін салыстыру қажет. Ал депозит мөлшерлемелерінің алдағы уақытта төмендеуі мүмкін екенін ескерсек, қазіргі жоғары сыйақы мөлшерлемелерімен 3–6 айлық жинақ депозиттерін ашу тиімді болуы ықтимал», – деп қорытындылады сарапшы.