Павлодардағы техникалық қызмет көрсету станциясында жүк көлігінің дөңгелегін үрлеу кезінде шина жарылып, жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, дөңгелекті үрлеу кезінде шина жарылып кеткен. Соның салдарынан СТО қызметкері өміріне сәйкес келмейтін жарақат алған.
Бұл туралы Павлодар облысы бойынша ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшысының орынбасары Абылай Сабыров мәлімдеді.
Оқиға бойынша арнайы тергеу жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталады.