Алматы облысында бірнеше жылға созылған тергеу аяқталып, есірткі өндірумен және таратумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топтың мүшелеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Журналист Михаил Козачковтың мәліметінше, іс материалдарына сәйкес, 2022 жылы Қазақстанға құрылысшы ретінде келген жеті Украина азаматы кейін есірткі өндіру және тарату ісіне қатысы бар деген күдікке ілінген. Тергеу барысында олардың Алматы маңынан екі үй мен үш автокөлік сатып алып, бірқатар ғимараттар мен гараждарды жалға алғаны анықталған.
Оқиғаның беті 2022 жылғы 22 желтоқсанда ашылған. Сол күні күдіктілердің екеуі Қарашыңғыл аңшылық шаруашылығы аумағына барған. Олардың көлігі жергілікті егерьлердің назарын аударған. Тексеру кезінде көліктен заңсыз зат табылмағанымен, егерьлер маңайды қарап шығып, бұталардың арасынан ішінде ақ түсті ұнтақ бар ірі полиэтилен қапты анықтаған. Осыдан кейін олар полиция шақырған.
Оқиға орнына келген полицейлер күдіктілерді ұстап, олардың тұрғылықты жерлері мен жалға алған нысандарында тінту жүргізген. Тергеу барысында үйлер мен гараждардан есірткі өндіруге арналған химиялық заттар, зертханалық жабдықтар және дайын өнім тәркіленген. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктілер ел аумағына есірткі жасауға қажетті прекурсорлардың ірі көлемін жеткізген.
Алғашында ұсталғандар тергеумен ынтымақтасып, қоймалар мен сақтау орындарын көрсеткен. Алайда кейін өз кінәларын мойындаудан бас тартып, Қазақстанға құрылыс және жөндеу жұмыстарымен айналысу үшін келгендерін айтқан.
Соған қарамастан сот ұсынылған дәлелдерді зерттей келе, жеті азаматтың да есірткі өндіру және тарату қылмыстарына қатысы бар екенін, сондай-ақ олардың трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында әрекет еткенін анықтаған.
Сот шешімімен топ мүшелеріне ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал 35 жастағы Андрий Сливинський қылмыстық топтың жетекшісі ретінде 20 жылға сотталған.