14 жылдық келіссөзден кейін “Қорғас” құжатына қол қойылды

14 жылдық келіссөзден кейін “Қорғас” құжатына қол қойылды
Кhorgos.kz

Қазақстан мен Қытай "Қорғас" орталығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойды. Құжат бойынша келіссөздер 14 жылға созылған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев айтты. Оның сөзінше, келісім екі ел арасындағы бірқатар мәселені ұзақ уақыт бойы келісуді талап еткен.

Келіссөздер ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің Бейжіңге сапары кезінде аяқталып, құжатқа қол қойылған.

"Бұл - маңызды құжат. Келіссөздер 14 жылға созылды. Осы уақыт ішінде екі мемлекет арасында бірқатар мәселені келісу қажет болды. Нәтижесінде министр Ержан Сәденовтің сапары барысында тараптар бұл жұмысты аяқтап, үкіметаралық келісімге қол қойды", - деді Шыңғыс Әлекешев.

Оның айтуынша, құжат "Қорғас" аумағында екі елдің құзырлы органдарының бірлесіп жұмыс істеуіне нақты құқықтық негіз қалыптастырады.

"Қорғас" - екі мемлекеттің мүддесі мен заңнамасы тоғысатын, күн сайын көптеген адам өтетін ерекше шекара маңы аумағы. Сондықтан қауіпсіздікке қатысты мәселе туындаған жағдайда қай тарап және қандай тәртіппен әрекет ететіні маңызды.

Келісім Қазақстан мен Қытайдың құзырлы органдары арасындағы өзара іс-қимыл тәртібін бекітеді. Бұл жедел ақпарат алмасуға, құқықбұзушылықтардың алдын алуға және түрлі жағдайларға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.