Бүгін Байқоңырдағы «Десятилетие» стадионында Байқоңыр қаласының және ғарыш айлағының 70 жылдығына орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Dalanews.kz
Оған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Роскосмос» МК бас директоры Дмитрий Баканов, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.
Шара Байқоңыр кешеніндегі 14 ұйым мен мекеме ұжымдарының шеруімен басталды. Одан кейін екі елдің Мемлекеттік Гимндері орындалып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің бейнеқұттықтаулары көрсетілді.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Р.В.Скляр Байқоңыр – ғарышқа жол ашқан мекен, мерейтой Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен ынтымақтастықтың, ғылым мен техниканың жетістіктерінің жарқын көрінісі екенін айтты.
Мерекелік шарада қала әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин жиналған жұртшылықты құттықтады. Сондай-ақ, Халықаралық ғарыш станциясының 73-экспедиция мүшелері – ғарышкерлердің арнайы бейнеқұттықтауы ұсынылды.
Мерекеде қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы ерен еңбегі үшін Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен ҚР ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігі бастығының орынбасары Ермек Искаков, ІІ дәрежелі «Достық» орденімен Байқоңыр қаласы әкімшілігі басшысының орынбасары Николай Адасев, «Құрмет» орденімен дәрігер Қарасай Нұров, әкімшілік қызметкері Скендір Жарекесов, Мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Ғалия Жалғасбаева, «Ерен еңбегі үшін» медалімен облыс әкімі аппаратының бөлім басшысы Жан Шайхысламов, «Байқоңырэнерго» кәсіпорны бас инженерінің орынбасары Ғалымжан Жұмабаев,
«Шапағат» медалімен Аналар кеңесінің төрайымы Кенішкүл Есщанова марапатталды.
Сондай-ақ, бірнеше адам «Байқоңыр қаласының Құрметті азаматы» атағына ие болды.
Кеш отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертпен жалғасып, отшашумен аяқталды.