Байқамай ма, басқа ма: Министр Нұржігітов әкім Қарашөкеев сыналған постқа неге лайк басып жүр?

Сағыныш Сардарова 20 нау. 2025 16:40 2050

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтен журналистер Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев сыналған әлеуметтік желідегі жазбаға не себепті лайк басқанын сұрады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министр не деп ақталды?

"Қарашөкеевтің жұмысына көңіліңіз толмай ма? Оған теріс пікірдесіз бе?" – деп сұрағанда, министр бұл әрекетін есіне түсіре алмайтынын айтты.

"Лайк басқаным есімде жоқ. Әлеуметтік желіні қарап отырған кезде басылып кеткен шығар. "А так" теріс көзқарасым жоқ", – деді Нұржігітов.

"Жамбыл облысымен жақсы таныс". Шенділердің бұған дейінгі қызметі

Айта кетейік, Нұржан Нұржігітов бұған дейін Жамбыл облысының әкімі қызметін атқарған.

Ол 2022-2023 жылдары аймақты басқарды, ал 2023 жылы су ресурстары және ирригация министрі болып тағайындалды.

Ал Ербол Қарашөкеев өз кезегінде Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі болып қызмет етті.

2021-2023 жылдары министр болған ол 2023 жылы Жамбыл облысының әкімі лауазымына келді.

Лайкқа реакция

Министрдің күтпеген "лайкі" қоғамда әртүрлі пікір тудырды. Кейбіреулер мұны қарапайым техникалық қате деп есептесе, енді біреулері бұл Нұржігітовтің Қарашөкеевтің жұмысына деген көзқарасын білдіруі мүмкін екенін алға тартып отыр.

Мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік желідегі әр әрекеті жиі назарға ілігетіндіктен, олардың кез келген қадамы қоғамда үлкен талқыға түсетіні белгілі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар