"Байлығымызды қытайларға сатып, пайда көрді": Экс-шенеунік билікке шүйлікті

Қаракөз Амантай 13 ақп. 2024 16:58 3139

Экс-сенатор, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы еліміздегі қазба байлықтың қытайларға кетіп жатқанына қапаланды. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол Сыр өңіріндегі ең ірі компанияның жай-күйін қозғады.

"Туған жерім Қызылорда өңіріндегі өте табысты жұмыс жасап тұрған ең ірі Құмкөл мұнай-газ компаниясы ( мұнай қоры 300 млн баррель) 1997 жылы Канадалық “ ПетроҚазақстан” компаниясының меншігіне өтті. Неге сатылды, қаншаға сатылды, мұның соңында кімдер тұрды? Парламентте жүргенде бірнеше рет осы сұрақтарға жауап алуға  ұмтылдым, бірақ тұщымды мәлімет  аламадым. Ол кезде ақпарат алуға мүмкіндік берілмеді. 2005 жылы бұл компания аяқ астынан саудаға шығарылып, Канадалықтар біздің байлығымызды Қытайдың СНПС компаниясына 4 млд долларға  сатып пайда көрді.Бұл мұнай орны 2013 жылға дейін жылына 6 млн тонна мұнай өндіріп сатты. Менің есебімше Қытайлықтар 4 млд. шығынын екі жылда жауып, осы кезге дейін таза пайдамен отыр. Шымкенттегі “ШНОС” мұнай өндіру заводы жартылай Қытай меншігінде. Жалпы еліміздегі мұнай- газ өндірісінің Ақтөбе облысы бойынша 90%, Қызылорда өңірі бойынша 65%,  Атырау- Маңғыстау облыстары бойынша басым көпшілігі шетелдік компаниялардың үлесінде" - дейді экс-сенатор.

Осы тұста ол ірі стратегиялық нысандарды елге қайтаруға әлі де мүмкіндік бар екенін алға тартты.

"Алысқа бармай-ақ, көрші Әзербайжан елінде барлық мұнай өндірісі тек мемлекеттің меншігінде. Өзбекстандағы газ орындары толық мемлекет қарауында. Қазір қоғам өзгерді, сана өзгеруде, өткен отыз жылымызға тас лақтырудан аулақпын, өйткені ол барлығымыздың тарихымыз, бірақ әділетсіз түрде шетелге арзан бағаларға сатылып кеткен ірі стратегиялық нысандарды ( мұнай, газ, мыс, хром, алюмений, көмір т.б. ) Ата заңымызға және халықаралық нормаларға сүйене отырып мемлекет меншігіне қайтаруға толық мүмкіндік бар" - деп жазба қалдырды Мұрат Бақтиярұлы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар